АҚШ пен Украина бейбіт жоспар аясындағы Еуропамен байланысын жалғастырады

АСТАНА. KAZINFORM — АҚШ әкімшілігі мен Украина украин дағдарысын реттеу жөніндегі жоспарды келісу барысында еуропалық серіктестерімен байланыстарын сақтауды жоспарлап отыр. Бұл туралы екі елдің 23 қарашада Женевадағы консультациялар қорытындысы бойынша Ақ үй таратқан бірлескен мәлімдемеде айтылған, деп хабарлайды ТАСС.

АҚШ пен Украина бейбіт жоспар аясындағы Еуропамен байланысын жалғастырады
Фото: idemocracy.world

«Украина мен Америка Құрама Штаттары алдағы күндері бірлескен ұсыныстар бойынша қарқынды жұмысын жалғастыруға келісіп, процесс жүре келе еуропалық серіктестерімен тығыз байланыстарын сақтайтын болады», делінген мәлімдемеде.

Құжатта атап өтілгендей, жоспар бойынша «соңғы шешімді» АҚШ президенті Дональд Трамп пен Украина президенті Владимир Зеленский қабылдайды.

Бұған дейін Ақ үй жариялаған мәлімдемеде Женевадағы келіссөздер барысында украин делегациясы қазіргі жоспардың ұлттық мүдделеріне сәйкес келетінін және ел қауіпсіздігін қамтамасыз етудің сенімді және іске асыру мүмкін механизмдерін қарастыратынын растағаны айтылған.

Женевадағы келіссөздер

23 қарашада Швейцарияда украин делегациясы еуропалық әріптестер және АҚШ делегациясымен кездесіп, қақтығысты тоқтату жолдарын талқылады. Reuters агенттігінің мәліметінше, Женевадағы келіссөздер барысында Вашингтон мен Киев соңғы детальдарды келісуді көздеген.

Алайда 22 қарашада ЕО көшбасшылары жоспардың кейбір тармақтарына келіспейтіндерін, оны қайта пысықтау қажеттігін айтқан. Bild газеті Германия үкіметінің АҚШ бастамасына қатты алаңдаулы екенін хабарлады.

АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубио Еуропа Одағы мен НАТО рөлі әлі толық талқыланатынын айтты. Ол жоспардың «тұрақты емес, күн сайын өзгеретін құжат» екенін атап, НАТО мен ЕО-ға қатысты тармақтарды бөлек қарастыруға келісілгенін хабарлады.

Айта кетейік, Женевада Украина мәселесі бойынша келіссөздер басталғанын жаздық.

Кейінірек Зеленский осы аптада АҚШ-қа маңызды сапармен баруы мүмкін екені белгілі болды.

Соңғы жаңалықтар