АҚШ президенті Дональд Трамптың рейтингі 33%-ға дейін төмендеді

АСТАНА. KAZINFORM — АҚШ президенті Дональд Трампты қолдау рейтингі Иранға қарсы әскери әрекеттердің салдарынан құлдырап кетті, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Вашингтондағы меншікті тілшісі.

Рейтинг одобрения Трампа упал до 33%
Фото: yahoo.com

Массачусетс университетінің Амхерстегі зерттеуіне сәйкес, сауалнамаға қатысқандардың 33%-ы ғана президенттің жұмысын қолдайтынын айтқан. Ал 62%-ы оның қызметін құптамайтынын білдірсе, 53%-ы «толықтай қолдамайтынын» жеткізген, деп жазады The Hill.

Таяу Шығыстағы қақтығысқа қатысты респонденттердің тек 29%-ы Трамптың Иранға соққы беру туралы шешімін қолдайтынын мәлімдеген. Ал 63%-ы бұл бағыттағы әрекеттерін құптамайды.

Сонымен қатар, жаңа сауалнамаға қатысқандар Трамптың инфляциямен күрестегі жұмысын да әлсіз деп бағалаған. Сауалнамаға қатысқандардың тек 24%-ы президент бұл мәселені тиімді шешіп жатыр деп есептесе, 71%-ы оның жұмысы «нашар» немесе «өте нашар» деген пікір білдірген.

Амхерстегі Массачусетс университеті жүргізген сауалнамаға 20–25 наурыз аралығында 1000 адам қатысқан. Қателік шегі шамамен 3,5 пайыздық тармақты құрайды.

Бұған дейін Трамптың рейтингі ақпан айында 39% болғаны хабарланған еді.

Сондай-ақ Трамптың иммиграция мәселесі бойынша рейтингі төмендегені туралы да жаздық.

 

Соңғы жаңалықтар