АҚШ президенті Джо Байденге импичмент жариялануы мүмкін

ВАШИНГТОН. ҚазАқпарат – АҚШ-тың Өкілдер палатасы Джо Байденге қатысты ресми тергеу амалдарын бастайды, ол президентке импичмент жариялауға әкеп соқтыруы мүмкін, деп хабарлайды ҚазАқпарат BBC News-ке сілтеме жасап.
None

Өкілдер палатасының спикері Кевин Маккарти тергеу «билігін асыра пайдалану, әділдікке кедергі келтіру және жемқорлық» сынды айыптауларды негізге алатынын мәлімдеді.

Республикашылар қаңтарда Өкілдер палатасында басымдыққа ие болғаннан бастап-ақ қазіргі президентке қатысты тергеу жүргізіп жатыр.

Бұған дейінгі тыңдалымдар Байденнің құқыққа қарсы ісіне нақты дәлел таппады. Дегенмен, осы отырыстар барысында президенттің ұлы Хантер Байденнің іскерлік байланыстарына (республикашылардың пікірінше, «күмән тудыратын байланыстар») қатысты бірқатар мәселе ашылды, сондай-ақ ұлының осы іс-әрекенттері жайында Джо Байденнің хабардар екені анықталды.

Маккарти президенттің құқыққа қайшы әрекеттерін тергеп жатқан ресми тұлғалар Байденнің отбасына ерекше назар аударғанын мәлімдеді.

Ақ үй Маккарти шешімін бірден сынға алды:

«Өкілдер палатасындағы республикашылар президентке қатысты тоғыз айдан бері тергеу жүргізіп жатыр, бірақ құқық бұзуға қатысты ешқандай дәлел таппады», - деп жазды Ақ үй өкілі Ян Сэмс әлеуметтік желіде.

«Экстремал саясаттың ең нашар көрінісі», - деп сипаттады ол осы жағдайды.

Қазіргі уақытта Хантер Байденге қатысты шетелдегі іскерлік мүддесіне байланысты салықтан жалтару қылмыстары жөнінде федералдық тергеу жүріп жатыр.

Ақ үй Хантер Байден ісіне өзінің қатысын жоққа шығарып отыр және ұлының бизнесіне президенттің еш қатысы жоқ екенін мәлімдеді.

АҚШ Конституциясы бойынша, президент «опасыздық, жемқорлық пен басқа да ауыр қылмыс пен істері» үшін жауапқа тартылып, қызметінен кетуі мүмкін.

Дегенмен, президент Байденді орнынан алып тастау жөніндегі амалдың бәрі сәтсіз болады, деп жазады BBC News. Республикашылардың бақылауындағы Өкілдер палатасы Байденді орнынан тайдыру қажет деп дауыс бергеннің өзінде, Сенат оны мақұлдамауы мүмкін, себебі ол жақта демократтар басым дауысқа ие.

Трамп - екі рет импичмент жарияланып, екеуінде де республикашыл-әріптестері ақтап алған АҚШ-тың жалғыз президенті.


Соңғы жаңалықтар