АҚШ президентінің арнайы өкілі бар ұшақ Ресейге қонды
АСТАНА. KAZINFORM — Бүгін таңертең Мәскеуге АҚШ-тан келген ұшақ қонды, болжам бойынша бортында АҚШ президентінің арнайы өкілі Стив Уиткофф бар, деп хабарлайды Kazinform тілшісі.

Ұшақ «С. Уиткофф осы аптада Ресейге барады» деген хабар тарап жатқан тұста Ресейге ұшып келді.
Кейіннен ресейлік БАҚ-та АҚШ президентінің арнайы өкілі Стив Уиткоффтың Ресей астанасына келуі туралы хабарламалар аясында үкіметтік кортеж Внуково әуежайы аумағынан шығып кеткені туралы ақпарат тарады.
Бұған дейін Axios порталы америкалық шенеунікке сілтеме жасап, Путин мен Уиткоффтың кездесуі 25 сәуірде өтуі мүмкін екенін хабарлаған болатын. Ақ үй Уитткоффтың осы аптада Мәскеуге сапарын растады.
Өз кезегінде Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков бұл сапарға қатысты нақты мәліметтер жоқ екенін, бірақ өзгерістер болуы мүмкін екенін, Кремль бұл туралы хабарлайтынын түсіндірді.
Айта кетейік, Ресей президенті В.Путин мен АҚШ президентінің арнайы өкілі С. Уиткоффтың бұған дейінгі кездесуі 11 сәуірде Санкт-Петербургте өткен болатын. Кездесу бес сағатқа жуық уақытқа созылды.
Ресей президентінің көмекшісі Юрий Ушаков әңгіменің негізгі ауаны Украина төңірегіндегі жағдай болғанын, бірақ басқа да саяси және экономикалық мәселелер де көтерілгенін атап өтті.
Осыған дейін АҚШ президенті Дональд Трамп мамыр айының ортасында Трамптың Сауд Арабиясы, Қатар және БАӘ сапарынан кейін Ресей президенті Владимир Путинмен кездесуі мүмкін екенін айтты.