АҚШ саясаткері Чарли Кирктің өліміне қатысты жаңа деректер жарияланды

АСТАНА. KAZINFORM — АҚШ-тың Юта штатында консервативті белсенді әрі Дональд Трамптың жақтасы Чарли Киркті өлтіруге қатысты тергеу жалғасып жатыр. Бұл туралы BBC хабарлады.

р
Фото: wikipedia

Turning Point USA қозғалысының 31 жастағы негізін қалаушы Чарли Кирк Utah Valley университетінде сөз сөйлеп тұрған сәтте оқ тиіп, көз жұмған болатын.

ФТБ-ның арнайы агенті Роберт Болс мәлім еткендей, күдікті қолданған қару — сырғымалы бекітпесі бар винтовка орманды аумақтан табылған. Ол жаққа қылмыскер оқ атқан шатырдан секіріп қашқан. Қару қазір сараптамаға жіберілді.

CBS дерегінше, ол Mauser маркалы, 30-06 калибрлі винтовка болып шыққан.

Сарапшылар күдіктіге тиесілі аяқ киім ізі мен алақан және білезік іздерін де тапқан.

Юта штаты Қоғамдық қауіпсіздік департаментінің комиссары Бо Мейсон күдіктінің қозғалыс бағытын анықтағанын айтты. Ол кампусқа 11:52-де келген. Кейін баспалдақ арқылы шатырға көтеріліп, сол жерден оқ атқан. Болжам бойынша, қылмыскер студент жасындағы адам, сондықтан университет ортасында көзге түспеген.

ФТБ Солт-Лейк-Сити кеңсесі тергеуге байланысты іздеу салынған адамның суретін жариялап, көпшіліктен көмек сұрады. Бұл сурет – тергеу органдары ресми жариялаған алғашқы бейнежазбадағы тұлға.

р
Фото: ФБР / wikipedia

АҚШ-тың президенті Дональд Трамп Чарли Киркті қайтыс болғаннан кейін Президенттің Бостандық медалімен марапаттайтынын мәлімдеді. 

«Біз оны қатты сағынамыз. Бірақ Чарлидің көптеген жастардың жүрегіне сіңірген үні мен батылдығы өмір сүре береді, бұған күмәнім жоқ», — деді Трамп.

Соңғы жаңалықтар