АҚШ Сенаты Говард Лютникті Сауда министрі етіп бекітті
АСТАНА. KAZINFORM – АҚШ Сауда министрлігінің басшысы лауазымына Говард Лютниктің кандидатурасын 45-ке қарсы дауыспен 51 сенатор мақұлдады, деп хабарлайды The New York Times.

Трамптың ауысып жатқан командасының тең төрағасы қызметін атқарған Лютник кең ауқымды жауапкершіліктері бар үлкен департаментті басқарады.
Сауда министрлігі Санақ бюросын, Ұлттық метеорологиялық қызметін, Патент және тауар белілері кеңсесін, Ұлттық мұхиттық және атмосфералық басқарманы, Экономикалық талдау бюросын және Ұлттық азшылық бизнесін дамыту агенттігін басқарады.
Департаментте шамамен 47 мың қызметкер бар және 2025 қаржы жылына ведомство 11,4 млрд доллар көлемінде бюджет сұрады.
«Cantor Fitzgerald» қаржылық қызмет көрсету компаниясының бұрынғы бас директоры Лютник Трамп кабинетінің 17-ші расталған мүшесі болды.
Джо Байден тұсында Демократиялық партия басқарған Сенат кабинеттің 17 министрін бекітуге 56 күн жұмсады. Трамп басқаратын республикашыл сенат бұл көрсеткішке небәрі 29 күнде жетті.
Осыған дейін Кэш Пателдің АҚШ Федералды тергеу бюросына басшылық ететіні туралы жаздық.