АҚШ Сенаты Тулси Габбард пен Роберт Кеннедиге дауыс береді

АСТАНА. KAZINFORM – АҚШ Сенаты Тулси Габбардты Ұлттық барлау директоры, кіші Роберт Кеннедиді денсаулық сақтау министрі етіп бекітті, деп хабарлайды NBC News.

АҚШ Сенаты Тулси Габбард пен Роберт Кеннедиге дауыс береді
Фото: democracynow.org

Габбардтың кандидатурасын 48 дауысқа қарсы 52 сенатор мақұлдады.

Сенаттың Барлау комитетіндегі тыңдауда cөз сөйлеген Габбард ОББ мен ҰҚА-ның бұрынғы қызметкері Эдвард Сноуденге кешірім немесе рақымшылық сұрамайтынын мәлімдеді, бірақ республикашыл сенаторлар қысым көрсеткенде оны «сатқын» деп атаудан бас тартты. Сонымен қатар, Габбард бұған дейін Құрама Штаттардың Шетелдік барлау қызметін қадағалау туралы заңының 702-бөліміне қатысты жасаған қатаң сынынан бас тартып, Конгресс өткен жылы жаңа қорғау шараларын қабылдағаннан кейін оны «аса маңызды» құрал деп атады.

Демократтар Габбардты қатты сынға алып, республикашылдар ұлттық қауіпсіздіктен гөрі Дональд Трампты ашуландырмауға көбірек алаңдайтынын білдіртті.

Ұлттық барлау директоры АҚШ-тың барлау қауымдастығын құрайтын 18 агенттікке, соның ішінде Орталық барлау басқармасы мен Ұлттық қауіпсіздік агенттігіне жетекшілік етеді.

43 жастағы Габбард – Ирак соғысының ардагері, армия резервінде жиырма жылдан астам қызмет етті. Ол 2020 жылы Демократиялық партия атынан президенттікке үміткер болды, содан кейін Джо Байденді қолдады. Кейінірек Байден әкімшілігінен көңілі қалған ол 2022 жылы Демократиялық партиядан шығып, 2024 жылғы сайлау науқанында Трампты қолдап, Республикалық партияға қосылды.

Кіші Роберт Кеннедидің кандидатурасы 47-ге қарсы 53 дауыспен Денсаулық сақтау және халыққа қызмет көрсету министрі болып бекітілді. 

Кейбір республикашылдар Кеннедидің бұрын вакциналарға қарсылығы және түсік жасатуды қолдағанын ескере отырып, оған күмәнмен қарайды. Бірақ оның кандидатурасын бекіту тыңдаулары кезінде Кеннеди енді «вакциналар қоғамдық денсаулық сақтауда маңызды рөл атқарады» деп сенетінін мәлімдеді. Жасанды түсік жасатуға қатысты ұстанымы туралы сұраққа ол: «Мен президент Трамптың әрбір аборт – трагедия екендігі туралы пікірімен келісемін», деп, аборт туралы заңдарды штаттардың қарауына қалдыру керектігін қосып өтті. 

Бұған дейін АҚШ Сенаты Дональд Трамптың әлемдік нарықта АҚШ-тың «энергетикалық үстемдігіне» қол жеткізу саясатын жүзеге асыратын Энергетика министрі Крис Райт кандидатурасын мақұлдады

Соңғы жаңалықтар