АҚШ Сенаты экс-президент Дональд Трамптың импичментіне қарсы дауыс берді
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – АҚШ Сенаты экс-президент Дональд Трамптың импичментіне қарсы дауыс берді. Айыптау үкімін бекіту үшін оны сенаторлардың кемінде үштен екісі қолдауы керек еді, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА «Америка дауысы» орыс қызметінің сайтына сілтеме жасап.
Экс-президент Дональд Трамптың импичменті жөніндегі менеджерлері республикалық сенаторларды бұрынғы мемлекет басшысының Конгресте бүлік тудырғаны үшін кінәлі екендігіне сендіре алмады.
Еске сала кетейік, 6 қаңтарда Трамптың жақтастары Конгреске басып кірген болатын.
Сенбі күні Трампты айыптау үкімін шығаруға 7 республикашыл сенаторы қоса алғанда 57 сенатор дауыс берді. 43 заң шығарушы қарсы болды. Айыптау үкімін бекіту үшін экс-президенттің импичментін барлық демократтар, екі тәуелсіз сенатор және кем дегенде 17 республикашылар қолдауы керек болатын.
Сенбі күні түстен кейін Сенаттың республикалық азшылық лидері Митч Макконнелл импичментке қарсы дауыс беретіндігін растады. Бақылаушылардың Сенаттың үштен екісі демократтардың көзқарасын қолдамайтынына көздері жетті.
Осыған дейін АҚШ Конгресіне Трамп импичменті туралы резолюция ұсынылғаны хабарланды.
Демократтар 6 қаңтарда АҚШ конгресіндегі тәртіпсіздіктерге байланысты Трамп қызметінде қалған жағдайда «ұлттық қауіпсіздікке, демократия мен конституцияға қауіп төндіретініне» сенімді болды.
Осыған қарай резолюция авторлары Трампқа алдағы уақытта сайланбалы лауазымға баруына тыйым салуға шақырды.
Президент Трампқа импичмент жариялау туралы қаулыға Өкілдер палатасының спикері Нэнси Пелоси қол қойды.
Кейінірек АҚШ-тың Өкілдер палатасы Дональд Трамп импичментіне қатысты құжаттарды Сенатқа жіберу туралы шешім қабылдады.