АҚШ сирек металдар бойынша Қытайға тәуелділікті азайтқысы келеді
АСТАНА. KAZINFORM — АҚШ армиясы мен REalloys Inc. компаниясы Юта штатының Туэле қаласындағы әскери базада сирек кездесетін ауыр металдарды өңдеу зауытын салу туралы алдын ала келісімге қол қойды, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Вашингтондағы меншікті тілшісі FOX Business басылымына сілтеме жасап.
Жоба АҚШ армиясының стратегиялық инвестициялық бастамасының бір бөлігі ретінде жүзеге асырылады және Құрама Штаттардың өнеркәсіптік базасын нығайтуға бағытталған.
Нысан шамамен 80 гектар жерге орын тебеді. Ол дәл басқарылатын оқ-дәрілерді, электр қозғалтқыштарын, радарларды, сонарларды және басқа да қорғаныс жүйелерін өндіруге қажет диспрозий мен тербийді өңдеуге мамандандырылады. Компания сонымен қатар тұрақты магниттер шығаруды да қолға алып, өндіріс ауқымын кеңейтпек.
Жоба АҚШ-тың сирек металдармен қамтамасыз ету бойынша Қытайға тәуелділікті азайтуды және қорғаныс жеткізу тізбегінің тұрақтылығын қамтамасыз етуді мақсат еткен.
REalloys компаниясының бас директоры Липи Штернхеймның айтуынша, отандық өндірісті нығайту заманауи технологияларды дамыту және ұлттық қауіпсіздік үшін стратегиялық маңызға ие. АҚШ армиясының өкілі Джефф Ваксман сонымен қатар диспрозий мен тербийді өңдеудегі Қытайдың монополиясы АҚШ-тың елеулі осал тұсы болып отырғанын тілге тиек етті.
Компания Батыстың маңызды минералдарды тәуелсіз жеткізу тізбегін құру бірнеше жылға созылуы мүмкін деп санайды. REalloys компаниясының бас директоры бұл салада 2029-2030 жылдарға қарай айтарлықтай алға жылжу болады деп есептейді. Дегенмен, жобаны жүзеге асыру үшін жалдау шарттарын нақтылау, экологиялық бағалау жүргізу және қажетті рұқсаттарды алу қажет болады.
Келісім АҚШ-тың қорғаныс өнеркәсібі үшін сирек кездесетін жер металдары мен магниттерді сатып алуға шектеулерін күшейту аясында жасалды. 2027 жылдың 1 қаңтарынан бастап АҚШ қорғаныс мердігерлеріне бұл өнімдерді Қытайдан, Ресейден, Солтүстік Кореядан және Ираннан сатып алуға тыйым салынады. Юта зауытының құрылысы стратегиялық маңызды минералдарды өңдеуге арналған тәуелсіз АҚШ инфрақұрылымын құруға бағытталған бір қадам болғалы тұр.
Айта кетейік, Қазақстан сирек металдарды өңдеп, Еуропаға дайын өнім экспорттауға баса назар аударып отыр.
Kazinform тілшісі әлемдегі сирек металдарға деген сұраныстың артуына байланысты, Қазақстанның осы саладағы әлеуетіне сараптама жасады.