Қазақстан сирек металдарды өңдеп, Еуропаға дайын өнім экспорттамақ

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстан бельгиялық компанияларды металл өңдеу, жаңа өндіріс орындарын ашу, өнеркәсіптік жабдықтар жеткізу және логистика салаларындағы жобаларға инвестиция салуға шақырды. Бұл бағыттарды Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Олжас Сапарбеков аса маңызды минералдар туралы семинарда таныстырды.

Қазақстан сирек металдарды өңдеп, Еуропаға дайын өнім экспорттамақ
Фото: Kazinform/ЖИ

Бельгиялық бизнес өкілдерімен кездесуде вице-министр Қазақстан өнеркәсібін дамытудың төрт басым бағытын атады. Олар — аккумулятор өндірісіне қажетті материалдар, ыстыққа төзімді арнайы қорытпалар, жартылай өткізгіш материалдар және тұрақты магниттер өндірісі.

Сонымен бірге, дайын өнімді Еуропа нарығына жеткізу мәселесіне ерекше назар аударылды. Бұл ретте Қазақстан Бельгияның логистикалық мүмкіндіктерін пайдалануды көзделген.

— Антверпен порты дайын өнімді Еуропа нарығына жеткізетін негізгі қақпалардың бірі болып қала береді. Жобаларды қаржыландыру үшін Еуропалық комиссияның DG INTPA бағдарламалары мен Еуропалық инвестициялық банк сияқты еуропалық қаржы құралдарын Қазақстанның мемлекеттік қолдау шараларымен ұштастыруға болады, — деді Олжас Сапарбеков.

Ал Қазақстанда еуропалық компаниялардың өндірісін жерсіндіру жоспарланып отыр.

— Қазақстан кәсіпорындарында полиметалл кендері, концентраттар, аралық өнімдер мен өндіріс қалдықтары көп. Олардың құрамында басқа металдармен бірге кездесетін ілеспе металдар да бар. Қазір олардың бір бөлігі өндірілгенімен, барлығы толық игеріліп жатқан жоқ. Осы орайда Қазақстан Aurubis, Campine және Nyrstar сияқты компаниялармен ынтымақтастық орнатуға мүдделі. Біз технологиялар мен мамандардың тәжірибесін Қазақстанға кезең-кезеңімен енгізіп, өңдеу жұмыстарын елімізде жүргізу жолдарын талқылауға дайынбыз, — деді ол.

Тағы бір басым бағыт — металдарды бөліп алу және тазарту. Бұл сирек металдары бар шикізат пен қайталама шикізатты өңдеуді қамтиды. Мұндай технологиялар металдарды жоғары тазалық деңгейіне жеткізіп, дайын өнімнің қосылған құнын арттыруға мүмкіндік береді.

Қазақстан осы бағытта гидрометаллургия, сирек жер элементтерін бөлу және металдарды қайта өңдеу технологияларын меңгерген компаниялардың тәжірибесіне сүйенбек.

Өнеркәсіптік жобалау мен жабдық жеткізу де — ынтымақтастықтың маңызды бағыты саналады. Олжас Сапарбеков әлеуетті серіктестер қатарында John Cockerill инженерлік компаниясын атады.

— Қолданыстағы өндіріс орындарын жаңғырту және жаңа қуаттарды жобалау үшін заманауи шешімдер қажет. Сонымен бірге жобаны техникалық-экономикалық негіздеме әзірлеуден бастап, өндірісті іске қосуға дейін жеткізе алатын инженерлік командалар маңызды, — деді ол.

Айта кетейік, Қазақстан Бельгияға молибден кендері мен титан экспорттайды. Сондай-ақ екі ел арасындағы саудада зығыр тұқымы мен бидай бар. Әсіресе, бидай жеткізілімі үш есе артқан.

Еске сала кетсек, Бельгияның 600 жылдық тарихы бар университеті Қазақстанда «Сирек металдарды байыту» орталығын ашады.

Бұған дейін Бельгиялықтар Королі Филипп Қазақстанның бай тарихымен және мәдениетімен жақын танысуға ниетті екенін айтқан еді.

Өз кезегінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мен Бельгия арасында шешілмеген мәселе жоқ екенін мәлімдеді.