АҚШ Сириядағы қақтығысты тоқтатуға уәде берді
АСТАНА. KAZINFORM – Вашингтон Сириядағы друздар қауымына қатысты туындаған қақтығысты реттеу бойынша келісім жасалғанын жариялады. АҚШ друздарды қорғауға кіріскен Израильді шегінуге шақырды, деп хабарлайды Euronews.

АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубио Сириядағы қақтығысқа қатысушы тараптар деэскалация жолында нақты әрекет туралы уағдаласқанын хабарлады. Ол бұл келісімдер жақын арада жүзеге асады деген үмітін білдірді.
Ал Axios ақпарат ресурсы өз дереккөздеріне сүйене отырып, АҚШ-тың Сирия бойынша арнайы өкілі Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяхудың кеңсесімен жағдайды талқылағанын және «израильдіктерді шегінуге шақырғанын» жазды.
Еске сала кетейік, Израиль Қарулы күштері (ЦАХАЛ) Сирия президентінің Дамаскідегі кешеніне және елдің оңтүстігіндегі нысандарға соққы жасаған болатын. Бұл шабуылдар Эс-Сувейда провинциясында бедуиндер мен оларды қолдаған үкімет әскері және друздар арасындағы қақтығыс аясында болды.
Израильдің қорғаныс министрі Исраэль Кац Сирия друздарға тиісе беретін болса, «ауыр зардап шегетінін» ескертті. Ал Израильдің Сыртқы істер министрлігі соңғы жарты жылда Сирияда кейбір аз ұлттарға қатысты – атап айтқанда, алавиттерге қарсы жаппай қырғын мен күрдтерге бағытталған жаулық әрекеттер күшейгенін мәлімдеді. Осыған байланысты Израиль армиясы Сириямен шекаралас аймақтарда күштерін көбейтіп жатқанын жария етті.
Уақытша Сирия президенті Ахмад әл-Шараа көршілес елдің әрекетін қатаң айыптады. Оның айтуынша, Израиль ел ішіне іріткі салуды көздеп отыр. Сонымен қатар ол друздарды қорғау – өзінің басты міндеті екенін атап өтті.
Осы уақытта Адам құқықтары жөніндегі Сириялық бақылау кеңесінің (SOHR) белсенділері Сирия билігін Эс-Сувейдадағы тәртіпсіздіктерді басу кезінде бейбіт тұрғындарды жазалағаны үшін айыптады. Ұйымның хабарлауынша, аталған қақтығыста барлық тараптардан барлығы 350 адам қаза тапқан.
Бұған дейін Сирия билігі Эс-Сувейда провинциясынан әскер шығаруды бастағаны хабарланған болатын.