АҚШ студенттерге виза беру тәртібін өзгертпек
АСТАНА. KAZINFORM – АҚШ президенті Дональд Трамптың әкімшілігі үміткерлердің әлеуметтік желілерін тексеруді кеңейту мәселесін қарастырып жатқандықтан АҚШ-та студенттік виза алу үшін жаңа сұхбаттарды уақытша тоқтатуды бұйырды, деп хабарлайды DW ақпарат агенттігі.

Deutsche Welle-нің жазуынша, бұл туралы редакцияның қолына түскен құжатқа сілтеме жасап Politico басылымы хабарлады.
Тілшілердің мәліметінше, Ақ үй ықтимал шара ретінде АҚШ-та білім алғысы келетіндердің барлығының әлеуметтік желілерін міндетті түрде тексеруді қарастырып отыр. Атап өтілгендей, бұл қолданыстағы шараларды «айтарлықтай кеңейту» болады.
- Осындай тексерістерді енгізуге дайындық аясында әкімшілік АҚШ елшіліктері мен консулдықтарына студенттік визаға үміткерлермен әңгімелесу шараларын жоспарлауды тоқтатуды бұйырды, - деп жазды Politico.
Тиісті жеделхатқа 27 мамыр, сейсенбі күнгі АҚШ Мемлекеттік хатшысы Марко Рубио қол қойғаны айтылды.
Еске сала кетсек, Гарвард университеті 22 сәуірде АҚШ-тың федералдық сотына университет бағдарламаларына бөлінген 2 млрд доллардан астам үкіметтік қаржыландыруды тоқтатқан Трамп әкімшілігіне қарсы шағым түсірді.
Бұған дейін сот шетелдік студенттер үшін күресте университетті қолдағанын жазған болатынбыз.