АҚШ-та аты аңызға айналған балуан және киноактер дүниеден өтті
АСТАНА. KAZINFORM — АҚШ-та 72 жасында аты аңызға айналған балуан және киноактер Халк Хоган қайтыс болды, деп хабарлайды Еuronews.

БАҚ-тың хабарлауынша, жедел жәрдем оны Флоридадағы үйінен алып кеткен. Ауруханада оның жүрек тоқтауына байланысты көз жұмғаны расталды.
Спортшының денсаулығына қатысты мәселелер бұрын да бірнеше рет айтылған болатын — соңғы айларда ол бірнеше операцияны бастан өткерген.
Халк Хоганның шын аты — Терри Джин Боллеа. Ол бұл лақап есімді 1977 жылы балуандық мансабын бастағаннан кейін алған. 1980-жылдардың басында-ақ Хоганның танымалдығы артып, кейбір сарапшының пікірінше, ол күресті тек аясы тар шеңбердегі спорт түрінен көпшілікке арналған отбасылық шоуға айналдырған.
Хоган — әрі балуан, әрі жүргізуші ретінде 80-жылдардағы шоу-бизнес жұлдыздарының бірі болды және кейін де танымалдылығын жоғалтпады. Алайда 2015 жылы оның рұқсатынсыз жазылып, жарияланған нәсілшіл пікірлері оның беделіне нұқсан келтірді.
Халк Хоган өзінің танымалдығы мен ерекше келбетінің арқасында кино мен теледидарда да көрінді. Ол алғаш рет 1982 жылы «Рокки 3» фильмінде дебют жасады. Кейін «Ережесіз жекпе-жек», «Қала маңындағы командо», «Бала күтуші мырза», «Күшті Санта-Клаус» сынды фильмдерде ойнады. Сонымен қатар «Малибу құтқарушылары», «Қатал Уокер» сияқты телесериалдарда эпизодтық рөлдерде бой көрсетті және бірнеше фильм мен сериалды өзі продюсерлік етті.
Бұдан бұрын Black Sabbath тобының солисті және вокалист Оззи Осборн 76 жасында қайтыс болғанын жазған едік.