Иран аймақтағы АҚШ пен Израиль университеттеріне соққы жасайтынын ескертті
АСТАНА. KAZINFORM - Иран екі жоғары оқу орнына жасалған шабуылдарға жауап ретінде аймақтағы израильдік және америкалық университеттерге соққы беруі мүмкін екенін мәлімдеді, деп жазады DW.
Егер АҚШ әкімшілігі өңірдегі университеттерінің жауап шараларынан аман қалғанын қаласа, 30 наурыз күні Тегеран уақытымен түске дейін университеттерді бомбалауды айыптауы тиіс. Бұл туралы Fars агенттігі Ислам революциясы сақшылар корпусының X әлеуметтік желісіндегі мәлімдемесіне сілтеме жасап хабарлады.
Аймақтағы америкалық университеттердің қызметкерлеріне, оқытушылары мен студенттеріне, сондай-ақ маңайдағы тұрғындарға кампустардан кемінде бір шақырым қашықтықта болу ұсынылды.
Ирандағы университеттерге соққы
Иран тарапының мәліметінше, шабуылдар Исфахан техникалық университеті мен Тегеран ғылым және технология университетіне жасалған.
Парсы шығанағы елдерінде америкалық университеттердің бірқатар филиалдары бар. Атап айтқанда, Техас A&M университеті Қатарда, ал Нью-Йорк университеті Біріккен Араб Әмірліктерінде жұмыс істейді.
Ливандағы жекеменшік университет қашықтан оқуға көшті
Осы арада Бейруттағы Америка университеті Ислам революциясы сақшылар корпусы мәлімдемесінен кейін алдағы екі күнге қашықтан оқыту форматына көшетінін хабарлады.
- Қазіргі уақытта университетке, оның кампустары мен медициналық орталықтарына бағытталған нақты қауіп бар екеніне дәлел жоқ. Соған қарамастан сақтық шарасы ретінде дүйсенбі мен сейсенбі күндері негізгі қызмет атқаратын қызметкерлерден басқа барлық жұмыс онлайн режимде жүргізіледі, - деп мәлімдеді Ливан астанасында орналасқан жекеменшік оқу орнының басшылығы.
Ғылым нысанаға алынды
- АҚШ пен Израильдің Иранға қарсы агрессиясының шынайы мақсаты — еліміздің ғылыми негізі мен мәдени мұрасын жою. Университеттерге, ғылыми-зерттеу орталықтарына, тарихи ескерткіштерге және көрнекті ғалымдарға жүйелі түрде соққы жасалып жатыр, — деп жазды Эсмаил Багаи X әлеуметтік желісінде.
АҚШ пен Израиль Таяу Шығыстағы әскери қимылдарды 28 ақпанда Иран аумағына әуе соққыларын жасаудан бастады. Бұған жауап ретінде Тегеран Израильге, Парсы шығанағының бірқатар елдеріне және өңірдегі америкалық нысандарға зымыран және дрон шабуылдарын жүзеге асырды.
Осыған дейін Иранда АҚШ пен Израиль соққыларынан 8 адам мерт болғаны туралы жаздық.