АҚШ-та Дональд Трампты қолдау деңгейі рекордтық төмен көрсеткішке жетті

АСТАНА. KAZINFORM — АҚШ президенті Дональд Трамптың саясатын қолдау деңгейі рекордтық төмен көрсеткішке жетті. Конгресс сайлауына екі апта қалғанда америкалықтардың Демократиялық партияны қолдауы артып келеді. Бұл туралы Report жазды.

АҚШ-та Дональд Трампты қолдау деңгейі рекордтық төмен көрсеткішке жетті
Фото: Report

Бұл туралы The Washington Post (WP) газеті, ABC телеарнасы және Францияның Ipsos әлеуметтану қызметі бірлесіп жүргізген сауалнама нәтижелерінде айтылған.

Зерттеу деректеріне сәйкес, Дональд Трамптың қызметін қолдау деңгейі 33%-ды құраған. Бұл шілде айындағы көрсеткіштен 4 пайыздық тармаққа, ал 2025 жылғы қазандағы деңгейден 8 пайыздық тармаққа төмен.

АҚШ Конгресінің Өкілдер палатасына бақылау орнату жолындағы бәсекеде демократтар республикашылдардан 8 пайыздық тармаққа озып тұр. Шілде айында бұл айырмашылық 3 пайыздық тармақ болған.

Сауалнамаға қатысушылар республикашылдарға деген наразылықтың негізгі себептері ретінде Трамптың әрекеттері мен Иранға қарсы соғыс салдарынан елде инфляцияның өсуін атаған. Респонденттердің 65%-ы Тегеранға қарсы әскери операцияны қате шешім деп санайды.

Сонымен қатар сауалнамаға қатысқандардың 48%-ы Трамп 2025 жылы президенттік қызметіне қайта оралғаннан кейін өздерінің қаржылық жағдайы нашарлағанын мәлімдеген. Бұл — WP мен ABC 1986 жылдан бері жүргізген сауалнамаларда АҚШ президенттеріне қатысты тіркелген ең жоғары көрсеткіш.

Сауалнама 9–13 қазан аралығында АҚШ-тың 18 жастан асқан 2 545 азаматының қатысуымен өткізілген.

Бұған дейін Трамп Атлант немесе Тынық мұхитын өз атымен атауды ұсынған болатын.