АҚШ-та Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған деректі фильмнің тұсаукесері өтеді

Бұл туралы ҚР МСМ баспасөз қызметі хабарлады.
Бағдарламаның ашылуы «WorldLearning» кеңсесінде өтті. Салтанатты шараға қазақстандық делегация мүшелерімен қатар АҚШ Мемлекеттік департаментінің өкілдері де қатысты. Делегация жұмысы барысында Смитсон институтында, Тарихи объектілерді сақтау Ұлттық Қор Ассоциациясында, Джордж Вашингтон университетінде, Нью-Мексико штатының Петроглиф ұлттық ескерткішінде ресми кездесулер, келіссөздер және тәжірибе алмасулар өткізіледі.
Сапар аясында Джордж Вашингтон университеті мен Нью-Йорктегі Роберт Де Нироның «Tribeca» киностудиясында Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған деректі фильмнің тұсаукесері өтеді.
«Қазақ хандығына 550 жыл» фильмі Қазақ хандығының құрылу тарихына арналған. Ол көне және ортағасырлардағы Шығыс Азия мен Ұлы Жібек жолы, моңғол шапқыншылығы мен әлемнің геосаяси бөлінуі, қазақ халқын жаулап алу тарихнамасы, Шыңғысхан мұрагерлерінің арасындағы талас, 1465 жылы алғашқы дербес Қазақ хандығының құрылуы туралы баяндайды. Сонымен қатар, кинофильмде Керей және Жәнібек хандардың, олардың ұлдары Қасым және Бұрындықтың билігі туралы жаңа деректер қамтылған.
1952 жылдан бастау алатын IVLPondemand халықаралық сапарлар бағдарламасы - АҚШ Мемлекеттік департаментінің ең көне және беделді кәсіби алмасу бағдарламаларының бірі. АҚШ-қа қысқамерзімді сапарлар барысында түрлі сала мамандары америкалық әріптестерімен кездесіп, ұзақмерзімді ынтымақтастықтарын дамытады.
Жыл сайын АҚШ-қа IVLP бағдарламасы бойынша 5000-нан астам шетелдік қатысушылар келеді. Жалпы алғанда 200 000 шетелдік маман америкалықтармен IVLP бағдарламасы көмегімен байланыс орнатты. Олардың арасында 330 қызметтегі және бұрынғы мемлекет басшылары мен департамент жетекшілері бар.