АҚШ-та Көкпар федерациясын құрып жатырмыз – америкалық ковбойлар

«Сөз жоқ, керемет! Бізге көкпар ойыны өте қатты ұнады. Біз спорттың осы түріне енді ғана келіп жатсақ та, мұндағы достарымыз құшақ жая қабылдады. Турнирден алған әсерімізді сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Келешекте бұл спорттың бір мүшесі боламыз деген үміттеміз», - дейді АҚШ ұлттық құрамасының мүшесі Чендлер Мэнсэн.
Ковбойдың айтуынша, бәрінен бұрын, турнирдің ең алғашқы ойыны мықтап есінде қалған.
«Бір мезетте бойымызды қызығушылық пен үрейі бірге билет кетті. Біз қарсыластарымызға қарап, бой түзеп, олардан қалыспауға тырыстық. Бұл жігіттер көп жылдар бойы әбден шынығып қалғанын білеміз. Мұны түсіндік. Алдағы уақытта бұдан да мықты ойын көрсетеміз деген ойдамыз. Көкпар - ол үлкен әулет! Біз бәріміз де ағайын болып кеттік», - дейді ол.
Америкалық екінші ковбой Гэрет Эдингтон болашақта көкпардың АҚШ-та танымал спорт түрлерінің бірі болатынына сенімді.
«Қазіргі таңда біз Америка Құрама Штаттарында Көкпар федерациясын құру жұмысын жүзеге асырып жатырмыз. Әзірге не федерациямыз, не қауымдастығымыз жоқ. Десе де,мемлекет тарапынан бізге айтарлықтай көмек беріліп отыр. Біз спорттың осы түрін АҚШ-та дамытқымыз келеді», - дейді ол.
Еске сала кетсек, бүгін Астанада көкпардан Әлем чемпионы аяқталды. Жетікүндік чемпионаттың қорытындысы бойынша, Қазақстан бірінші орынға ие болса, Қырғызстан екінші орынға табан тіреді. Жүлделі үшін орын Тәжікстан құрамасына бұйырды, қытайлық көкпаршылар төртінші орынды місе тұтты.