АҚШ-та малды тірідей жейтін қауіпті паразит көбейіп жатыр

АСТАНА. KAZINFORM – АҚШ-та тірі тінмен қоректенетін қауіпті паразит – америкалық ет шыбыны (New World screwworm fly) дернәсілдерін жұқтырудың жаңа жағдайлары тіркелді, деп хабарлайды Associated Press.

АҚШ-та малды тірідей жейтін қауіпті паразит көбейіп жатыр
Фото: aphis.usda.gov

АҚШ Ауыл шаруашылығы министрлігі үш жаңа жағдайдың расталғанын мәлімдеді. Оның бірі Техас штатындағы негізгі ошақтан тыс жерде анықталған. Бұл паразиттің таралуын тежеу оңай емес екенін көрсетеді. Мамандардың айтуынша, ол елдің мал шаруашылығы саласына елеулі зиян келтіруі мүмкін.

Америкалық ет шыбыны, New World screwworm fly
Фото: https://www.aphis.usda.gov/

Америкалық ет шыбыны жұмыртқаларын жануарлардың ашық жараларына, ең алдымен ірі қара малға салады. Алайда паразиттен жабайы жануарлар, үй жануарлары және сирек жағдайда адамдар да зардап шегуі мүмкін. Жұмыртқадан шыққан дернәсілдер өлі емес, тірі тінмен қоректенеді.

Қазіргі уақытта жұқтырудың бес жағдайы расталды: Техаста үш бұзау мен бір ешкі, сондай-ақ көршілес Нью-Мексико штатының Ли округіндегі бір ит.

Бастапқыда бұл жағдай Техас статистикасына енгізілген. Алайда кейіннен ол Нью-Мексико штатында тіркелген алғашқы жағдай ретінде қайта есепке алынды.

Ит штат аумағынан шықпаған және Техасқа да, Мексикаға да бармағандықтан, мамандар аурудың таралу көзін анықтау үшін жануар тұратын аумақты тексере бастады.

Әрбір инфекция ошағының айналасында радиусы 20 шақырым болатын карантин аймағы белгіленді.

Ғалымдар малдан бөлек, Техаста миллиондап саналатын аққұйрық бұғылар популяциясына да қауіп төніп тұрғанына алаңдаулы.

Сарапшылар алдағы күндер мен апталарда жаңа жағдайлардың тіркелуі мүмкін екенін ескертеді.

– Алғашқы жағдай анықталған кезде бәрі мұқият бола бастайды және мұқият қарайды. Ал іздеген сайын көбірек табасың, – дейді Эдвард Берджесс, жұртшылықты асығыс қорытынды жасамауға шақырып.

Көптеген жыл бойы паразиттің таралуын Панаманың оңтүстігінде мемлекеттік биологиялық бақылау бағдарламасы арқылы тежеу мүмкін болды.

Ол үшін ұшақтардан үнемі стерильденген аталық шыбындар жіберіліп отырды. Олар жабайы аналықтармен шағылысып, зиянкестің көбеюіне жол бермейтін.

Алайда қазіргі індет бұл жүйенің тиімділігі үшін күрделі сынаққа айналып отыр.

Еске сала кетсек, жуырда Маңғыстауда итбалықтар мен бекіре тұқымдас балықтардың өлексесі табылды.