АҚШ-та рейстер тоқтатылғаннан кейін әуе қатынасы қалпына келе бастады

АСТАНА. KAZINFORM — Жұма күні АҚШ Федералдық авиация басқармасының (FAA) жұмысында болған ауқымды ақаудан кейін жексенбі кешке қарай елдегі әуе қатынасы біртіндеп қалыпты режимге орала бастады, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Вашингтондағы меншікті тілшісі CBS News басылымына сілтеме жасап. 

самолет США Америка авиация
Фото: flight-report.com

FlightAware рейстерді бақылау сервисінің дерегіне сүйенсек, жұма күні 9 159 рейс тоқтатылып, тағы 7 190 рейс кешіккен. Жексенбіде жағдай біртіндеп түзелгенімен, 1 400-ден астам рейс орындалмай, 2 200-ге жуық рейс кестеден кешігіп ұшқан.

Ал АҚШ көлік министрі Шон Даффи жексенбі күні дүйсенбіге қарай әуе қатынасы толық қалпына келуге тиіс екенін айтты.

FAA жүйесіндегі ақауға ескірген инфрақұрылым себеп болған. Алдын ала мәлімет бойынша, мыс сымдарды талшықты-оптикалық кабельдерге ауыстыру кезінде мердігер L3Harris компаниясы маршрутизатордың ақауын анықтаған. Бұл өзге құрылғыларға шамадан тыс жүктеме түсіріп, жүйе жұмысының бұзылуына әкелген. Ақау әуе қозғалысын басқару қызметінің 17 нысанына әсер еткен.

Федералдық авиация басқармасының басшысы Брайан Бедфорд сымдарды ауыстыру басқарма бірнеше жылдан бері жоспарлы түрде жүргізіп келе жатқан техникалық жұмыс екенін айтты. Қазір жүйенің шамамен 70 пайызы мыс сымдардың орнына талшықты-оптикалық кабельдерге қосылған.

Сондай-ақ АҚШ Ішкі қауіпсіздік министрі Марквейн Маллин ақауға кибершабуыл себеп болғанын растайтын ешқандай белгі жоқ екенін мәлімдеді. Билік өкілдерінің хабарлауынша, әуе қозғалысы уақытша тоқтатылған кезде аспанда болған барлық ұшақ әуежайларға аман-есен қонған.

FAA басшысы Брайан Бедфорд рейстерді тоқтату туралы шешім қауіпсіздік мақсатында қабылданғанын атап өтті. Ал L3Harris компаниясы оқиғаның себептерін тергеу барысында басқармаға қолдау көрсетіп жатқанын мәлімдеді.

Бұл жағдай АҚШ-тың әуе қозғалысын басқару жүйесін жаңарту мәселесін қайта көтерді. Конгресс бұл мақсатқа 12,5 миллиард доллар бөлген.

Сондай-ақ жұма күні кешке Трамп әкімшілігі әуе қозғалысын басқару жүйесін қаржыландыруға сұраған қаражат көлемін 30 млрд долларға дейін ұлғайтты.

АҚШ-тың ресми өкілдері әуе қатынасының қауіпсіз екеніне сендірді. Соған қарамастан, жолаушыларға рейстердің жай-күйін әуе компанияларынан алдын ала нақтылап алу ұсынылды. Delta, American Airlines және Southwest компаниялары рейстердің кешігуі мен ұшу кестесінің өзгеруі жалғасуы мүмкін екенін хабарлап, билеттерді басқа уақытқа қайта брондау мүмкіндігін ұсынды. Билік пен әуе тасымалдаушыларының болжамынша, ақаудың әсері тағы бірнеше күнге созылуы мүмкін.

Бұған дейін Бүкіл АҚШ аумағында байланыс үзіліп ұшақтар ұшпай қалғаны хабарланған болатын.