Бүкіл АҚШ аумағында байланыс үзіліп ұшақтар ұшпай қалды
АСТАНА. KAZINFORM — АҚШ-та авиадиспетчерлердің байланыс жүйесіндегі ауқымды үзіліс салдарынан ұшақтар төрт сағат бойы әуеге көтеріле алмай тұрды. Ақау ел бойынша әуежайларға әсер етіп, ұшу кестесіне айтарлықтай кедергі келтірді. Бұл туралы Reuters хабарлады.
13 қарашада АҚШ Федералды авиация әкімшілігі (FAA) бүкіл ел бойынша барлық әуежайлардан ұшуы тиіс рейстерді уақытша тоқтатты. Оған әуе қозғалысын басқару орталықтарына әсер ететін байланыс мәселелері себеп болды.
Әуеде болған ұшақтарға қонуға рұқсат берілді, тек жаңа рейстердің ұшуына пәрмен берілмеді.
Төрт сағаттан астам уақыттан кейін шектеулер алынып тасталды. Дегенмен, АҚШ көлік министрі Шон Даффи әуе қозғалысын толық қалпына келтіру үшін қосымша уақыт қажет болатынын ескертті.
Ол FAA-ның ескірген телекоммуникациялық желісінде үзіліс болғанын мәлімдеді. Дерек ағыны шамадан тыс көп болғандықтан коммутаторлар мен роутерлер істен шыққан. Дерек ағыны неліктен күрт артқаны әлі анықталған жоқ. Cirium авиациялық талдау фирмасының мәліметі бойынша, шектеулер басталғаннан кейін АҚШ әуежайларынан 1,5 миллионнан астам жолаушыны тасымалдайтын шамамен 11 000 рейс ұшуы керек еді.
Бұл оқиға АҚШ авиация инфрақұрылымының жағдайына тағы да назар аудартты. Есеп палатасының мәліметі бойынша, тексерілген әуе қозғалысын басқару жүйелерінің төрттен үш бөлігінен астамы ескірген.
АҚШ үкіметі бұрын авиация инфрақұрылымын жаңғыртуға 12,5 миллиард доллар бөлген. Енді әкімшілік Конгрестен қосымша 30,1 миллиард доллар сұрап отыр, әуе қозғалысын басқару жүйелерін осы қаражат есебінен жаңартпақ.
Еске сала кетейік, қарашаның басында АҚШ-тың Флорида штатында ұшақ көшеге құлап, тоғыз адам қаза тапқан болатын.
Луизиана штатындағы Жаңа Орлеан порты маңында танкер мен өзенде қатынайтын круиз кемесі соқтығысып, 20 адам зардап шекті.