АҚШ-та Starbucks жұмысшылары ереуілге шықты

АСТАНА. KAZINFORM — Starbucks Workers United кәсіподағына кірген мыңнан астам бариста елдің 40-тан астам қаласында жұмыс орындарын тастап кетті. Себебі компания басшылығы мен жұмысшылар жалақыны көтеру және жеңілдіктерді кеңейту мәселесінде келісімге келе алмаған, деп хабарлайды Al Jazeera.

АҚШ-та Starbucks жұмысшылары ереуілге шықты
Фото: Аljazeera

Компанияның мәліметінше, Starbucks желісі АҚШ пен Канадада 18 мыңнан астам орынға ие.

Бұл шеру тарихтағы ең ауқымды ереуіл болуы мүмкін. Сиэтлдегі, Нью-Йорктегі, Филадельфиядағы, Далластағы, Остиндегі және Портлендтегі кофехана жұмысшылары да ереуілге қосылды. Әлеуметтік желіде кәсіподақ мүшелері тұтынушыларды Starbucks-тан аулақ болуға және жұмысшыларды қолдауға шақырды.

Starbucks-тың мәліметінше, қызметкерлердің орташа жалақысы сағатына 19 доллар. Аптасына 20 сағаттан астам жұмыс істейтіндер үшін медициналық сақтандыру, бала күтімі үшін ақылы демалыс және Аризона мемлекеттік университетінен тегін онлайн оқу сияқты жеңілдіктер бар. Ал кәсіподақ мүшелері көптеген штаттарда бастапқы жалақы 15,25 доллардан аспайтынын және біраз бариста аптасына 20 сағаттан аз жұмыс істейтінін айтты. 

Бұған дейін Starbucks 400-ге жуық кофеханасын жауып жатқандығы туралы жазған едік

Соңғы жаңалықтар