АҚШ-та Уитни Хьюстонның туры жасанды интеллект көмегімен ұйымдастырылады
АСТАНА. KAZINFORM — Уитни Хьюстонның қайтыс болғанына 13 жыл өтсе де, оның мұрасы ұмыт қалған жоқ. Әншінің мұрагерлері жасанды интеллект көмегімен оның аңызға айналған дауысын қайта тірілтіп, оркестрлік турне ұйымдастырмақ, деп хабарлайды АЗЕРТАДЖ.

Агенттік шетелдік БАҚ-тарға сілтеме жасап хабарлағандай, бұл жоба аясында Moises атты музыкалық платформаның дыбыстық жолақтарды бөлу технологиясы қолданылады. Бұл — жасанды интеллект негізінде жұмыс істейтін жүйе, ол ән жазбасынан Уитни Хьюстонның дауысын бөліп алып, студиялық жазбаға жақын сападағы дыбыс алуға мүмкіндік береді.
Жасанды интеллект пен музыка индустриясының тоғысуы өнерпаздардың мұрасы мен қайтыс болған әншілердің құқықтары туралы қызу пікірталастар тудырып отыр. Бұған дейін Обри «Дрейк» Грэм жасанды интеллект көмегімен рэпер Тупак Шакурдың дауысын қайта жандандырған болатын. Ал The Beatles тобы Джон Леннонның дауысын қайтару үшін осыған ұқсас технологияны жаңа әнінде қолданды.
Уитни Хьюстон — бүкіл әлемге әйгілі америкалық актриса әрі әнші. Ол 1992 жылы жарық көрген «Телохранитель» фильміндегі басты рөлі арқылы әлемге танылды. Бұл фильмде орындалған «I Will Always Love You» әні жаһандық хитке айналды. Уитни Хьюстон 2012 жылдың ақпанында өмірден озды.
Бұдан бұрын Жапонияда жаңа партияның жетекшісі жасанды интеллект болатыны айтылды.