АҚШ-та үшінші күн қатарынан мыңдаған рейс тоқтатылып, кейінге шегерілді

АСТАНА. KAZINFORM – АҚШ-та әуе қатынасындағы іркілістер үшінші күн қатарынан жалғасып жатыр. Жексенбі күні ел бойынша 2,3 мыңнан астам рейс тоқтатылып, тағы 7,7 мыңға жуығы кешіктірілді. Көлік министрі Шон Даффи дүйсенбіге қарай әуе қатынасы қалыпты режимге оралады деп уәде берді, деп хабарлайды Reuters.

АҚШ-та үшінші күн қатарынан мыңдаған рейс тоқтатылып, кейінге шегерілді
Фото: Jim Lo Scalzo/EPA

Даффидің айтуынша, әуе қатынасындағы іркіліске кибершабуыл немесе басқа да қасақана әрекет себеп болғанына дәлел жоқ. Алайда ақаудың нақты себебі әзірге анықталмаған.

АҚШ Федералдық авиация басқармасы (FAA) жұма күні ел аумағында ұшақтардың ұшуына уақытша тыйым салған. Соның салдарынан рейстер бес сағатқа жуық тоқтады. Бұл 2001 жылғы 11 қыркүйек терактілерінен кейінгі АҚШ әуе қатынасындағы ең ұзақ жалпыұлттық үзіліс болды.

Алдын ала мәлімет бойынша, Арканзас штатындағы Эль-Дорадо қаласындағы FAA нысанында жаңа маршрутизатор орнатылғаннан кейін ақау туындаған. Ол Техас штатындағы Амарилло қаласында жақында ауыстырылған құрылғының жұмысына әсер етіп, елдегі басқа әуе қозғалысын басқару орталықтарының маршрутизаторларына шамадан тыс жүктеме түсірген.

FAA ақауға себеп болған құрылғылардың жұмысын тоқтатқанын және осындай 60-қа жуық маршрутизаторды жүйеден ажыратқанын хабарлады. Дегенмен техникалық қызмет көрсету кезінде ақаудың неліктен пайда болғаны әлі белгісіз.

Даффи АҚШ-тың әуе қозғалысын басқару жүйесі ескірген технологиялар мен жабдықтарға, байланыс проблемаларына және диспетчерлер тапшылығына байланысты қиындықтарға тап болып отырғанын айтты. Оның сөзінше, жүйені жаңғыртуға 50 млрд доллар қажет.

АҚШ президенті Дональд Трамп та Конгресті әуе қозғалысын басқару жүйесін жаңартуға қосымша қаржы бөлуге шақырды. Алайда демократ конгрессмендер өткен жылы осы мақсатқа бөлінген 12,5 млрд доллардың шамамен 11 млрд доллары әлі игерілмегенін алға тартып, жаңа қаржы сұраудың қажеттігіне күмән келтірді.

Сонымен қатар авиация саласының сарапшылары әуе көлігі инфрақұрылымын жаңарту үшін мемлекеттік инвестициямен қатар жеке сектордың да қаржысы қажет екенін атап өтті.

Еске сала кетсек, бұған дейін Бүкіл АҚШ аумағында байланыс үзіліп ұшақтар ұшпай қалған еді.