АҚШ-та жүкті әйелден маймыл шешегі анықталды
ВАШИНГТОН. ҚазАқпарат - Ауруларды бақылау және алдын алу орталығының өкілдері АҚШ-та алғаш рет жүкті әйелден маймыл шешегінің анықталғанын мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат CBS News арнасына сілтеме жасап.
Доктор Джон Брукстың айтуынша, әйелдің жүктілігі кезінде балаға ауру жұқпаған. Жаңа туған нәресте азық-түлік және дәрі-дәрмектерді бақылау басқармасы рұқсат еткен препараттармен профилактикалық емдеуден өтті. Қазіргі уақытта ана мен баланың денсаулығына төнген қауіп жоқ.
Айта кетсек, 2017 жылы Конго Демократиялық Республикасында маймыл шешегімен ауыратын төрт жүкті әйелге жүргізілген зерттеудің үшеуі ұрықтың өліміне әкелгенін көрсеткен.
«TPOXX» деп те аталатын «Tecovirimat» вирусқа қарсы препараты жануарларға қолданылған кезде жанама әсерлері болмады. АҚШ-тағы жоғары қауіптілік тобындағы адамдарға ұсынылатын «Jynneos» вакцинасы буаз жануарлар арқылы сыналды және ешқандай алаңдаушылық тудырмады.
Аталған оқиға АҚШ Денсаулық сақтау органдары балалардағы маймыл шешегінің алғашқы екі жағдайын растағаннан бірнеше күн өткен соң анықталды.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының дәрігері Тедрос Аданом-Гебреисус вирустың қауіпті топтарға, соның ішінде балаларға, иммунитеті төмен адамдар мен жүкті әйелдерге таралу мүмкіндігіне алаңдаушылық білдірді.
Фото: sites.wp.odu.edu