АҚШ-тағы аралық сайлаудан кейін Трамп пен Кимнің кездесуі мүмкін – сарапшы

АСТАНА. KAZINFORM – АҚШ-та өткен аптадағы аралық сайлаудан кейін президент Дональд Трамп пен Солтүстік Корея басшысы Ким Чен Ынның тағы бір саммит өткізу ықтималдығы артуы мүмкін, деп хабарлайды Yonhap.

АҚШ-тағы аралық сайлаудан кейін Трамп пен Кимнің кездесуі мүмкін – сарапшы
Фото: yna.co.kr

АҚШ-тағы республикалықтардың сайлауда жеңілісінен кейін Пхеньян Трампты саяси тұрғыдан әлсіреген әрі келіссөз жүргізуге қолайлырақ тұлға ретінде қарастыруы ықтимал. Мұндай пікірді дүйсенбіде америкалық сарапшы білдірді.

– Аралық сайлаудан кейін екі көшбасшының кездесу ықтималдығы артады деп ойлаймын, – деді Стратегиялық және халықаралық зерттеулер орталығының (CSIS) Корея мәселелері жөніндегі сарапшысы Виктор Ча Трамптың алдағы Азия сапарының күн тәртібіне арналған баспасөз мәслихатында.

Президенттің сапары аясында Манилада өтетін Оңтүстік-Шығыс Азия мемлекеттері қауымдастығының (АСЕАН) саммитіне және Қытайдың Шэньчжэнь қаласындағы Азия-Тынық мұхиты экономикалық ынтымақтастығы (АТЭС) форумына қатысу жоспарланған.

Сарапшының пайымдауынша, Пхеньян Трамппен қайта кездесуді қарастырмас бұрын аралық сайлаудың аяқталуын күткен болуы мүмкін. Өйткені Солтүстік Корея басшылығы АҚШ президентінің саяси позициясы әлсірейді деп болжаған.

– Олар Трампты әлсіздеу, демек, осал әрі келіссөз жүргізуге қолайлы нысана ретінде қабылдауы мүмкін, – деді Ча.

Оның айтуынша, Трамптың дипломатиялық мұра қалдыруға деген ұмтылысы да Солтүстік Кореямен қарым-қатынасты қайта жандандыру мүмкіндігін арттырады.

– Меніңше, президент көптеген мәселеге назар аударады. Соның бірі – өзінің саяси мұрасын қалыптастыру, – деді сарапшы.

Ча Солтүстік Кореяның Вашингтонмен байланысты сақтауға мүдделі болуы мүмкін екенін де атап өтті. Бұл АҚШ-тың Иран мен Венесуэлаға қатысты болжап білу қиын әрекеттерінің алдын алуға мүмкіндік береді.

Трамп Ким Чен Ынмен қайта кездесуге бірнеше рет қызығушылық білдірген. Ол екі көшбасшы арасындағы жеке қарым-қатынасты «жақсы» деп сипаттаған. Осыған байланысты АҚШ президентінің осы айда Қытайға жоспарланған сапары кезінде олардың кездесуі мүмкін деген болжамдар пайда болды.

Трамптың алғашқы президенттік мерзімінде екі көшбасшы үш рет жүзбе-жүз кездескен. Алғашқы кездесу 2018 жылғы маусымда Сингапурда, екіншісі 2019 жылғы ақпанда Ханойда өтті. Үшінші кездесу Кореяаралық шекарадағы Пханмунджом ауылында ұйымдастырылды.

Еске сала кетсек, бұған дейін Ким Чен Ынның Солтүстік Корея флотын күшейтуге кіріскенін жаздық.

Ал АҚШ Федералдық тергеу бюросы Солтүстік Кореяны 6 млрд доллардан астам криптовалюта ұрлады деп айыптады.