ФБР Солтүстік Кореяны 6 млрд доллардан астам криптовалюта ұрлады деп айыптады
АСТАНА. KAZINFORM – АҚШ-тың Федералдық тергеу бюросы (ФБР) Солтүстік Кореяны Binance криптовалюта биржасынан құны 6 млрд доллардан асатын виртуалды активтерді ұрлауға қатысы бар деп мәлімдеді, деп хабарлайды ФБР.
Ведомствоның мәліметінше, кибершабуыл шамамен 2026 жылғы 29 қазанда жасалған. Америкалық тергеушілер бұл әрекетті TraderTraitor деген атаумен белгілі солтүстіккореялық хакерлер тобымен байланыстырып отыр.
ФБР АҚШ Құпия қызметімен (USSS) және Ішкі кірістер қызметінің қылмыстық тергеу бөлімімен (IRS-CI) бірлесіп жүргізген зерттеу нәтижесінде ұрланған активтердің басым бөлігі Ethereum (ETH) криптовалютасына айырбасталып жатқаны анықталған.
Америкалық ведомстволардың болжамынша, хакерлер кейін бұл қаражаттың ізін жасыру үшін орталықтандырылмаған қаржы сервистерін (DeFi) және криптовалютаны жедел айырбастау платформаларын пайдалануы мүмкін.
– ФБР, АҚШ Құпия қызметі және Ішкі кірістер қызметінің қылмыстық тергеу бөлімі криптовалюта саласының өкілдерін TraderTraitor тобы ұрланған активтерді заңдастыру үшін пайдаланатын мекенжайлармен байланысты транзакцияларды бұғаттауға шақырды. Бұл үндеу THORNode және RPC түйіндерінің операторларына, криптовалютаны жедел айырбастау сервистеріне, DeFi платформаларына, блокчейн транзакцияларын талдайтын компанияларға және виртуалды активтер саласындағы өзге де қызмет көрсетушілерге бағытталған. ФБР сондай-ақ ұрланған активтер сақталған немесе бұрын сақталған Ethereum, Bitcoin және Solana желілеріндегі криптовалюталық мекенжайлардың тізімін жариялады, – делінген ведомство ақпаратында.
ФБР мәліметінше, жарияланған криптовалюталық мекенжайлар TraderTraitor тобының бақылауында немесе оның мүшелерімен тығыз байланысты.
Америкалық тергеу бюросы аталған киберқылмысқа қатысты қандай да бір ақпараты бар азаматтарды ФБР-дің жергілікті бөлімшелеріне немесе интернет-қылмыстар туралы шағымдарды қабылдайтын IC3 орталығына хабарласуға шақырды.
Бұған дейін Binance басшылығы хакерлік шабуылдан зардап шеккен пайдаланушылардың шығынын компанияның өз қаражаты есебінен өтеуге дайын екенін мәлімдеген. Сондай-ақ биржа ұрланған активтерді анықтау, бұғаттау және қайтару үшін құқық қорғау органдарымен және блокчейн саласындағы серіктестермен ынтымақтастықты жалғастырып жатқанын хабарлаған.
Кейінгі мәліметтер бойынша, Binance ұрланған активтер құнының 90%-ын өтеген. Bitcoin, Ethereum, Solana және XRP активтері бойынша шығындар толық жабылған.
Айта кетейік, бұған дейін Binance криптовалюта биржасы хакерлік шабуыл салдарынан ұрланған активтердің 90%-ын өтегені хабарланған еді. Компания Bitcoin, Ethereum, Solana және XRP активтері толық қамтамасыз етілгенін мәлімдеді.