АҚШ-тағы кездесулерден қандай нәтиже шығатыны өзіміздің іскерлігімізге байланысты — Расул Рысмамбетов
АСТАНА. KAZINFORM — Халықаралық қатынастар мен экономика саясаты жөніндегі тәуелсіз сарапшы Ерік Батырханов Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Нью-Йорктегі сапары аясындағы кездесулердің астары туралы пайымын бөлісті.

— Жаһан теңселіп тұрған заманда Қазақстан Батыспен де, Шығыспен де ашық қарым-қатынас ұстап қала беретінін аңдату маңызды. Америкалық инвесторлармен өтіп жатқан кездесулер инвестиция мен технология тарту, жаңа нарықтарға шығу стратегиясына сай. Қазір орта державалардың рөлі артып келе жатқанын да ескеруіміз керек. Қазақстан осы санатқа еніп отыр. Әлемнің жаһандық деңгейдегі орталықтарының арасындағы теңгерім енгізе алатын осындай орта державалар. Сондықтан Нью-Йоректегі экономикалық келіссөздердің стратегиялық тұрғыда да, саяси тұрғыда да мәні зор. Қазақстанның халықаралық процестердегі белсенді ойыншы ретіндегі орнын бекемдей түседі, — дейді сарапшы.
Ерік Батырханов АҚШ экономикасы Қазақстан үшін әркез ең ірі инвестор екенін еске салады. Бұған дейін арадағы алыс-берісте шикізат экспортының үлесі басым болса, бұл жолғы келіссөздер көлік, білім саласына инвестор тартылатынын меңзейді.
— Бұл келіссөздер технологиялық трансферге жетелеуі мүмкін. Жетекші тәжірибелер мен инновацияға, басқарудың жаңа стандарттарына жол ашатын мүмкіндік туындап отыр. Бұл келіссөздердің имидж жағынан да тиімділігі мол. Американың алпауыт компаниялары Қазақстанмен әріптестігін нығайтқысы келетінін әлемге аңғартудың өзі үлкен сигнал, — дейді ол.
Ал қаржы сарапшысы Расул Рысмамбетов БҰҰ саммиті аясындағы сапарды «темірді қызған кезде соққан» уақтылы қадам ретінде бағалап отыр. Сарапшы бұл кездесулер АҚШ пен Қазақстан басшыларының арасындағы байланысты жандандыратынын болжайды.
АҚШ-тың Қазақстанмен байланыстың экономикалық жағына басымдық беріп, бізге инвестиция салуға ниетті компанияларына қолдау көрсетуі үлкен мүмкіндіктерге бастау бола алатынын айтады. Әсіресе Wabtec компаниясымен арадағы локомотив сатып алу келісімінің ауқымы назар аударуға тұрарлықтай.
— Бұл Қазақстан компанияларының шетелдіктермен жасаған ең ірі мәмлелердің бірі. Қазақстан мұнаймен ғана шектелмей логистика саласына сапалы инвестиция тартып жатқаны қуантады, — дейді қаржыгер.
Расул Рысмамбетов Chevron басшылығымен өткен кездесудің астарына да үңіліп көрді.
— Chevron Қазақстанда мұнай секторының біраз бөлігін бақылауда ұстап отыр. Мұнай өндірісін үдетіп, қайта өңдеу көлемін кеңейту үшін тіпті қолданыстағы уағдаластықтардың шартын қайта қарау да керек болуы мүмкін. Өйткені ішкі қажеттілік артқан сайын шикі мұнайға деген сұраныс өзіміз де артатынын анық, — дейді сарапшы.
Сондай-ақ, Embraer компаниясы Қазақстанда өз ұшақтарына қызмет көрсету орталығын ашудың мүмкіндіктерін қарастырмақшы.
— Жүк тасымалында әуе жолының мүмкіндіктерін пайдалануға басымдық беріліп жатыр. Енді осының бәрін аяғына дейін жеткізіп, уәде етілген нәтижелерге қол жеткізу үшін тынымсыз әрі тыңғылықты жұмыс істеу керек. Ол үшін елшіліктегілер мен отандық компаниялар дипломатиялық байланысқа күш салуы қажет. АҚШ әлемнің барлық елі үшін жаһандық көрші болып есептеледі. Сондықтан бұл елмен байланыс әрқашан маңызды, — дейді қаржы сарапшысы.
Есік салсақ, Президент АҚШ сапары аясында 20-дан астам кездесу өткізген еді. Соның ішінде Chevron, Wabtec компанияларының басшылығы да бар.