АҚШ-тағы өрт шығынын сақтандыру жаба ала ма
АСТАНА. KAZINFORM – Лос-Анджелестегі орман өрті салдарынан сақтандыру компаниялары төлейтін төлем сомасы 20 млрд доллардан асып жығылуы мүмкін. Дегенмен, сарапшылар сақтандыру саласына қауіп төніп келе жатқанын алға тартып дабыл қағуда. Осыған орай Кazinform агенттігінің меншікті тілшісі мән-жайды байыптап көрген еді.

Миллиардтаған шығын
Алдын ала бағалауға қарағанда, «Pacific Palisades» элиталық ауданындағы сақтандырылған мүліктің өрттен келген шығыны шамамен 10 млрд долларға жуықтайды. Ал Лос-Анджелес үшін жалпы шығын 20 мен 150 млрд доллар аралығында болжанып отыр.

Айталық, «JPMorgan» сарапшылары сақтандырылған мүлік шығынына қатысты өз болжамын еселеп, 20 млрд долларға жеткізсе, «Wells Fargo» апаттан келген жалпы экономикалық шығын 60 млрд доллардан да асып жығылуы мүмкін деп күтеді.
— «AccuWeather» компаниясының алдын ала бағалауына сәйкес, өрт 135 млрд доллардан 150 млрд долларға дейін мөлшерде жалпы шығын әкелді және өрттің таралуына қарай бұл цифр әлі де айтарлықтай артуы мүмкін, — деп жазады Investopedia.
Жұма, 10 қаңтар күні сақтандыру компанияларының акциялары алдағы уақытта төленетін өтемақығы байланысты млрд-таған долларға құлдырады: «Mercury General» (MCY) — 22%, «Travelers Companies» (TRV) — 4%, «Allstate» (ALL) — 7%, «Chubb Limited» (CB) — 4%, «SPDR S& P Insurance ETF» (KIA) — 2,5% и AIG (AIG) — 1,3% төмендеді.
Сақтандыру дағдарысы
Сарапшылардың атап өтуінше, Калифорниядағы қайғылы оқиғаға дейін штаттағы ең ірі 12 сақтандыру компаниясы өз қызметін толықтай тоқтатқан немесе жаңа сақтандыру полистерін беруін доғарған.
Нақтырақ айтар болса, Калифорниядағы ең ірі сақтандыру компаниясы «State Farm» 2023 жылдың мамырында-ақ штатта өрттен сақтандыруға жаңа өтінімдерді қабылдауын тоқтатқан болатын. Компания мұндай қадамға апат қауіпінің жоғары болуына байланысты барған еді. Содан кейін 2024 жылдың наурызында компания штаттағы 72 мың полистің мерзімін ұзартпайтындығын мәлімдеді. Бұл шешім инфляцияға, табиғи апаттардың жиілеуіне және сақтандыру нарығындағы жоғары тәуекелге байланысты қабылданды.

Мұнан бөлек, 2023 жылы Калифорниядағы тұрғын үйді сақтандыру жағынан алтыншы орында тұрған «Allstate» компаниясы да штатта жаңа полистер беруін тоқтататындығын мәлімдеді. Дегенмен, сақтандыру саласындағы бұл тенденция ұзақ жылдан бері байқалады. Калифорния, Техас, Луизиана және Флорида сынды штаттардың тұрғындары сақтандыру алу кезінде қиындыққа тап болып отыр. Компаниялар жабатын шығын көлемін қысқартады немесе мүлдем штаттан кетіп қалады.
Америка тұтынушылар федерациясының дерегіне сәйкес, 2022 жылы Луизиана штатында үй иелерінің 12 пайызында сақтандыру болмаған. Өйткені, сақтандыру полисінің орташа құны жыл ішінде 2 240 долларға дейін көтеріліп кетті. Ал елдегі орташа көрсеткіш 1 915 долларды құрайды. Демек, бұл нарықтағы көрсеткіштен 15 пайызға жоғары деген сөз.
Сақтандыру ақпараттары институтының мәліметтеріне қарағанда, соңғы 3 жылдың ішінде Флоридадада үйді сақтандыру шығындары 102 пайызға артқан.

«San Francisco Chronicle» компаниясының сараптамалық деректеріне сәйкес, 2019 жылдан бері 100 мыңнан астам калифорниялық сақтандыру компанияларынан шығарылған. Өйткені, өңірде орман өрті жиілеп тұр. Ал қалған компаниялар тарифтерін көтеріп, сонымен қатар Калифорнияда полистерін алып тастай бастады немесе оларды ұзартудан бас тартып отыр.
Insurance сайтына сәйкес, 2024 жылы Калифорнияда тұрғын үйге арналған сақтандыру полисі (1 млн долларды жабуға) жылына 2 586 доллардан («Allstate») 5 718 долларға («Farmers») дейін жетті. Заңда штатта тұратын жылжымайтын мүлік иелеріне баспананы сақтандыруды міндеттейтін норма жоқ. Алайда, ипотекалық несиесі барлар мүлкін сақтандыруға міндетті.
Дегенмен, жылжымайтын мүлікке арналған үлгілік сақтандыру полисі әдетте жер сілкінісі, су тасқыны және лай көшкіні сынды табиғи апаттан келетін шығынды жаба алмайды. Мұндай табиғи апаттарған жеке сақтандцру полисі талап етіледі. Ал оның жылдық құны 40 мың долларға жетіп шығылады.
Тәуекелі жоғары аймақ
Солтүстік-Шығыс университетінің мемлекеттік саясат және қалалық проблемалар профессоры Джоан Фицджеральд тәуекелі жоғары аудандарда тұрудың қажеті жоқ екендігіне сенімді.
— Болған жайт ешкімді де таң қалдырмауы тиіс. Өйткені, біз бастапқыда-ақ үй салынуы тиіс жерде саламыз, — деді Джоан Фицджеральд.

Сақтандыру ақпараты институтының өкілі Марк Фридлендер Калифорнияның тәуекел жоғары аймақтарында тұратын адамдар қомақты сақтандыру төлеуге және апат салдарынан мүлкін жоғалтып алуға дайын болуы тиістігін атап өтеді.

— Егер сіз Оңтүстік Флоридада мұхит жағасында тұруға дайын болсаңыз, онда мүлкіңізді жоғалтудың үлкен тәукеліне тап болатыныңызды түсінуіңіз қажет және сіз сақтандыру үшін төлеуге дайын болуға тиіссіз. Егер сіз Калифорнияда тәуекелі жоғары аймағына тұрсаңыз, онда ең алдымен орташа сақтандырудан да жоғары төлем жасауға, екіншіден, әлеуетті апап шығындарына дайын болыңыз, — деді Марк Фридлендер.
«Соңғы саты сақтандырушысы»
Өткен жылы сақтандыру секторындағы күрделі жағдайды назарға алған калифорниялық шенеуніктер үкіметтік «Fair Access to Insurance Requirements Plan» (сақтандыру талаптарына әділ қолжетімділік жоспары) бағдарламасын жаңғырту туралы шешім қабылдады. Бұл бағдарлама штаттың «соңғы сатыдағы сақтандырушысы» деп те жиі атайды.

1960 жылдардағы бірнеше орман өртінен кейін құрылған «FAIR» жоспары сақтандыру компанияларына қарағанда біршама жоғары мөлшерлеме алады және жеке тұлғалар үшін 3 млн долларға дейін және коммерциялық нысандар үшін 20 млн долларға дейін шығынды жабуға мүмкіндік беретін сақтандыру полисін ұсынады.
Қазіргі уақытта штатта 408 400-ден астам «FAIR» сақтандыру полисі бар. Бұл 2019 жылдың қыркүйегіндегі көрсеткіштен 2 есеге (154 500 полис) асып түседі. «Los Angeles Times» дерегінше, бағдарлама өте қауіпті жағдайда тұр және не бәрі 200-300 млн долларды ғана жаба алады.
Құрылыс материалдарының құны шарықтайды
Northeastern Global News егер өрттен келетін шығын «FAIR» резервінен асып кететін болса, онда әлі де болса штатта жұмыс істейтін жекеменшік сақтандырушылар 1 млрд доллар тапшылықты жабуға араласатындығын хабарлайды.

Бірақ, Солтүстік-Шығыс университетінің профессоры, Тұрақтылықты зерттеу бағдарламасының директоры Дэниел Олдрич «FAIR» бағдарламасы өз клиенттерінің қайтара алғанның өзінде үй иелері құрылыс барысында қиындыққа тап болатындығын алға тартады.
— Қазіргі сәтте Палисейдсте өртенген 10 мың үй бар. Бір үйге не бәрі 3 млн доллар төленеді. «California FAIR» шындығында да осы сақтандыру полистерін төлей алды делік. Бірақ, қалпына келтіру сол 2,5-3 млн долларға қарағанда әлде қайда қымбатқа түседі, — Дэниел Олдрич.
Сарапшының түсіндіруінше, көптеген үй иесі баспаналарын алдағы бірнеше жылдың ішінде қалпына келтіруге тырысып, барлық құрылыс мердігерлерге жұмыс тартылады. Ал бұл жұмыс күші мен құрылыс материалдарының қымбаттауына алып келеді. Дәл осындай жайт 2005 жылдың тамызында Луизиана штатының Жаңа Орлеан қаласында «Катрина» дауылынан кейін болған еді. Ол кезде қаланың 80 пайызы су астына кетіп, тұрғын үйлерді қалпына келтіруге 125 млрд доллар жұмсалған болатын. Сонымен қатар аталған апат салдарынан Луизиана штатындағы жүздеген сақтандыру компаниясы банкротқа ұшырады. Олар шығынды өтеуге дайын болмай шықты.
— Меніңше, біз сақтандыру саласы үшін үлкен қаржылық дағдарыс алдында тұрмыз, — деді Дэниел Олдрич.
Бұған дейін Калифорниядағы орман өртінен 10 адам мерт болғаны хабарланған.
АҚШ президенті Джо Байден Калифорниядағы осы жағдайды штат тарихындағы ең ірі және ең жойқын өрт деп атады.