АҚШ-тағы радиоактивті асшаяндар кері қайтарылды
АСТАНА. KAZINFORM – «Азық-түлік және дәрі-дәрмек cапасын қадағалау басқармасы» (FDA) цезий-137 (Cs-137) ластанған болуы мүмкін асшаяндарды қайтарып алу науқанын кеңейтіп отыр, деп хабарлайды Fox Business.

Шамамен 26 460 бума коктейль асшаяндары мен «Kroger Mercado» аршылған және пісірілген асшаяндарының 18 мың бумасы ықтимал радиоактивті ластануға байланысты сатылымнан шығарылды.
Коктейль асшаяндары 27 штатта, ал дайын асшаяндар 17 штатта 31 шілде мен 16 тамыз аралығында Walmart, Kroger, Baker's, Gerbes, Jay C, Mariano's, Metro Market, Pay Less және Pick'n Save дүкендерінде сатылды.
Индонезияда өңделген жүк контейнерлері мен мұздатылған асшаян өнімдерінің ластанғаны туралы АҚШ-тың кеден және шекара қорғау қызметі ескерту жасады. FDA Walmart-тағы асшаяндар партиясына сынақ жүргізу барысында оның құрамында Cs-137 жасанды радиоактивті материал бар екенін анықтады.
Радиоактивті өнім АҚШ-тың төрт портынан анықталған: Лос-Анджелес, Хьюстон, Майами және Саванна.
Бүгінде ауруға шалдығудың бірде бір жағдайы тіркелген жоқ. FDA ластанған өнімдері бар тұтынушыларға оларды жоюды немесе ақшаны толық қайтару үшін сатып алған жеріне қайтаруды ұсынды.
FDA мәліметінше, Cs-137-мен ластанған тағамды немесе суды тіпті төмен дозада тұтыну адамның денсаулығына теріс әсер етуі мүмкін, мысалы, қатерлі ісік қаупін арттырады.
Бұған дейін Қазақстан арқылы өткізбек болған 42,2 тонна тауық еті Қытайға кері қайтарылғанын жазған болатынбыз.