АҚШ-тағы жағдай дүние жүзінде шамамен 84 миллион жұмыс орнына әсер етеді - БҰҰ

АСТАНА.KAZINFORM - Халықаралық еңбек ұйымының (ХЕҰ) биылғы жұмыспен қамту жөніндегі жаңартылған болжамы бойынша әлемде 53 миллион жұмыс орны ашылады, деп хабарлайды БҰҰ жаңалықтары.

АҚШ-тағы жағдай дүние жүзінде шамамен 84 миллион жұмыс орнына әсер етеді - БҰҰ
Фото: coindesk.com

Бұл алдын ала болжанған көрсеткіштен жеті миллионға аз.

Дүниежүзілік жұмыспен қамту және әлеуметтік болжам есебіне сәйкес, жұмыс орындарының өсуінің баяулауына әкелетін негізгі факторлар геосаяси шиеленіс пен жаһандық саудадағы үзілістер. 2025 жылы жұмыспен қамтудың өсу болжамы 1,7%-дан 1,5%-ға дейін төмендеді, бұл шамамен жеті миллион қосымша жұмыс орнына тең.

Төмендеу жаһандық ЖІӨ өсімінің бұрынғы 3,2% болжаммен салыстырғанда 2,8%-ға дейін баяулағанын көрсетеді.

ХЕҰ дүние жүзіндегі 71 елде шамамен 84 миллион жұмыс орны АҚШ-тағы тұтынушылық сұраныспен тікелей немесе жанама байланысты деп есептейді. Бұл жұмыс орындары және олардан түсетін кірістер қазір сауда шиеленістерінің күшеюіне байланысты бұзылу қаупіне ұшырап жатыр.

– Жаһандық экономика біз күткеннен де баяу өсіп жатыр, - деп түсіндірді ХЕҰ Бас директоры Жильбер Унгбо. – Егер біз геосаяси шиеленіс пен сауданың бұзылуы сияқты мәселелерді шешпесек, жаһандық еңбек нарығына кері әсер күшейеді.

Баяндама авторлары сонымен қатар кірістерді бөлудегі алаңдатарлық тенденцияларға назар аударады: бүкіл әлем бойынша жұмысшыларға түсетін ЖІӨ үлесі 2014 жылғы 53%-дан 2024 жылы 52,4%-ға дейін төмендеді. Егер бұл үлес өзгеріссіз қалса, 2024 жылы жаһандық еңбек табысы бір триллион долларға өсер еді.

Болжамдарға сәйкес, дүние жүзінде әрбір төртінші жұмысшы генеративті ЖИ енгізу арқылы жұмысының өзгергенін көре алады.

Соңғы жаңалықтар