АҚШ-тағы жұмыссыздық деңгейі 4,6%-ға дейін көтерілді

АСТАНА. KAZINFORM — АҚШ-тағы жұмыссыздық деңгейі қарашада 4,6%-ға дейін ұлғайып, 2021 жылдың қазанынан бері ең жоғары көрсеткішке жетті. Бұл туралы сейсенбіде АҚШ Еңбек статистикасы бюросы жариялаған деректер көрсетіп отыр, деп хабарлайды Синьхуа.

Германиядағы жұмыссыздық көрсеткіші 2021 жылдан бергі ең жоғары
Фото: tsyhun/Freepik

Қарашада жұмыссыздардың саны 7,8 миллион адамға жетіп, өткен жылдың дәл осы айындағы 7,12 миллион адам көрсеткішінен айтарлықтай жоғары болды.

Атап айтқанда, қарашада 5 аптадан аз уақыт жұмыссыз жүрген адамдар саны 2,5 миллионға жетіп, қыркүйек айымен салыстырғанда 316 мыңға артты. Ал ұзақ мерзімді жұмыссыздардың саны қарашада аздап өсіп, 1,9 миллион адамға жетті, бұл жалпы жұмыссыздардың 24,3%-ын құрайды.

Сонымен қатар, қарашада еңбекке қатысу деңгейі 62,5%-ға жетіп, қыркүйектегі 62,4%-дан сәл артты.

Қарашада ауыл шаруашылығынан тыс жаңа жұмыс орындарының саны 64 мыңға көбейді, бұл сарапшылар болжамынан (40 мың) жоғары. Жұмысқа қабылдау денсаулық сақтау, құрылыс және әлеуметтік көмек салаларында артқан, ал көлік, қойма ісі және федералдық мекемелерде керісінше қысқартулар байқалған.

Осыдан бұрын Трамп әкімшілігі барлық шетелдік туристен елге кіру үшін соңғы бес жылдағы әлеуметтік желілердегі белсенділігі туралы деректерін талап етуді жоспарлап отырғанын жазған едік.

Соңғы жаңалықтар