АҚШ-тағы қазақ диаспорасы Қазақстанның қолдауын көріп отыр

АСТАНА. ҚазАқпарат – 21 ақпанда Америка Құрама Штаттарында Қазақстанның АҚШ-тағы елшісі Ержан Ашықбаев пен «Отандастар» коммерциялық емес акционерлік қоғамының президенті Абзал Сапарбекұлы 12 штатта тұрып жатқан қазақ диаспорасының өкілдерімен онлайн-кездесу өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None

Шара онлайн режимде өткенімен, аса мазмұнды әрі пайдалы болды. Қазақстан Республикасының Америка Құрама Штаттарындағы елшісі Ержан Ашықбаев кездесуге келген қазақтардың амандығын сұрай келіп, 2023 жылдың 19 наурызында Қазақстанда Мәжіліс және мәслихаттар сайлауы болатынын атап өтті. Бұл күні АҚШ-та жүрген Қазақстан азаматтарына да дауыс беру құқығын пайдалануға мүмкіндік берілмекші. Нақтырақ айтсақ, елдің үш қаласында жергілікті уақыт бойынша таңғы сағат 7.00 мен 8.00 аралығында сайлау уческелері жұмыс істейді. Аталған дауыс беру учаскелері Вашингтон, Нью-Йорк және Сан-Франциско қалаларында орналасқан.

Қазақстан диполматиялық меекемесінің басшысы елінің тағдыры мен саяси дамуына бейжай қарамайтын Қазақстан азаматтарын осы учаскелерге келуге, сол арқылы азаматтық міндеттерін атқарып, ҚР Парламент Мәжілісінің депутаттығына үміткерлерге дауыс беруге шақырды.

Бұл жолғы сайлау ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесіне дөп келіп отыр. Елшінің айтуынша, осы мейрамның құрметіне орай Қазақстаннан бір топ өнерпаз келіп, АҚШ-тағы қазақ диаспорасына өнер көрсетпек. Қазір іріктелген музыканттардың визасын реттеу жұмыстары жүріп жатқан көрінеді.

Кездесуде «Отандастар» коммерциялық емес акционерлік қоғамның президенті Абзал Сарапбеков те сөз алды. Сөзіне қарағанда, қор мұндағы қазақтармен де тығыз байланыс орнатып, қолдау шараларын қолға алмақшы. Сондай-ақ, Қазақстаннан тысқары елдерде жүрген қазақтарға жалпы көрсетіліп жатқан қолдау шаралары туралы мәлімет берді. Мұндай қолдауды АҚШ-тағы қазақ диаспорасы да сезініп отыр.

Сырттағы қазақтардың ана тілін ұмытпауына бағытталған шараларға тоқталған Абзал Сапарбеков қазақ тілін оқытатын курстар онлайн форматта да, оффлайн форматта жұмыс істейтінін атады. Алдағы уақытта халықаралық «Отандастар форумын» өткізу жоспарда бар екені де айтылды.

Ал белсенді қазақ жастары үшін «Киелі Қазақстан» экскурсиясын өткізу қарастырылып отыр. Шетелдегі дарынды қазақ жастарын тауып, қолдау бағытында «Қасиетті қазақ елі» өнер фестивалін өткізу жоспарланған. Жалпы қор сырттағы қазақ жастарына көбірек көңіл бөлуге ниетті көрінеді. «Жазғы лагерь» деген атпен қазақ жастарының лагерін ұйымдастырып, «Жас қазақ» деген атпен қазақ жастарының халықаралық клубын құру көзделіп отыр. Қазақ тілінен «Ата жұртым» деген атаумен халықаралық олимпиада өткізу қолға алынғаны да айтылды. Мұның сыртында түрлі сипаттағы халықаралық конкурстар өтуі мүмкін. Сырттағы отандастарды қолдауға арналатын халықаралық орталыққа үлкен сенім артылып отыр. Осы Call-орталық арқылы қазақ тілін оқыту курстарын жүргізіп, ұлттық салт-дәстүр мен ұлттық мәдениетке баулу шаралары ұйымдастырылуда. Сондай-ақ, шетелде жұмыс істеп тұрған қазақ тілді бұқаралық ақпарат құралдарықауымдастығының жұмысын да осы орталықтың көмегімен ұйымдастырып, жетілдіру жоспарланған.

Кездесуге 50-ден астам адам қатысты. Оның ішінде Америка Құрама Штаттарының Калифорния (California Qazaq Community, Сакраменто және Лос-Анджелес қалалары), Пенсильвания (Kazakh American Community Inc, Филадельфия қаласы), Нью-Йорк (Kaz Community USA, Kazakh American Center, Нью-Йорк қаласы), Техас (Shanyraq Kazakh Foundation, Хьюстон қаласы), Флорида (Florida.kz, Майами қаласы), Массачусетс (MIRAS Boston Kazakh Cultural Foundation Group, Уелсли, Филадельфия және Бостон қалалары), Иллинойс (Kazakh American Society of Chicago, Чикаго қаласы), Вирджиния (Kazakhstan community of Washington DC area), Мэриленд (Kazakh American Association), Солтүстік Каролина (Шарлотт қаласы), Вашингтон (Сиэтл қаласы) штаттары мен Гавай аралдарында тұрып жатқан қазақ диаспорасының өкілдері бар.

Кездесу кезінде түрлі тақырыптар ортаға тасталып, талқыланды. Сырттағы қазақтардың құрылтайын өткізу мәселесі де күн тәртібіне шықты. Наурыз мерекесін тойлаудың мәселесі де әңгіме өзегіне айналды. Шетелдегі қазақша білім беру және мәдениет орталықтарын қолдау, консулдықтар жұмысы, логистикалық проблемалар, ұйымдастыру және қаржылық мәселелер де талқыға түсті. Елші кездесуде айтылған ұсыныстар мен көтерілген мәселелердің маңызды дегендерін дипломаттарға пысықтау тапсырылатынын айтты.

Онлайн байланыс жолға қойылған дәуірде әлемнің әр түкпірінде жүрген қазақтардың бір-бірімен аралас-құралас өмір сүруіне мүмкіндік ашылып отыр. Диалогтың мұндай түрі Қазақстан елшілігі мен «Отандастар» қорының АҚШ-тағы қазақтармен байланысын ғана тереңдетіп қоймай, мұндағы диаспораның өзара араласуына да септігін тигізгендей. Сол арқылы олар өзекті мәселелерді бірлесіп талқылап, шешу жолдарын пысықтай алды.

Кездесу Америка Құрама Штаттарының әр қиырында жүрген қазақтардың арасындағы және Қазақстандағы жауапты орындарымен байланысты қайта бір жандандырғандай болды. Олай дейтініміз, шара аясында қажетті телефон нөмірлері мен электронды мекенжайлар таратылды. Осы байланыс деректері арқылы кез келген қазақ диаспорасының өкілі тап келген проблемасы туралы дипломатиялық мекемеге мәлімет ұсына алады. Ал елшілік пен консулдықтар ол мәліметтерді «Отандастар» қорына табыстап отырады.

Қазақстанның Америка Құрама Штаттарындағы елшісі Ержан Ашықбаев АҚШ-тағы қазақ диаспорасына кез келген көмек пен қолдау көрсетуге дайын екендерін жеткізді.

Кездесуді ұйымдастырушы тараптар шараға қатысушыларға арнайы уақыт бөліп, ортақ мәселелерді талқылауға қызығушылық танытып, белсенді атсалысқандары үшін алғыс білдірді. Қазақ диаспорасының АҚШ-тағы өкілдері де мұндай кездесудің жалғасы болса деген тілектерін айтып, сырттағы қазақтарды ұмытпай, қолдауға дайындықтарын білдірген ұйымдастырушыларға риза екендерін жеткізді.


Соңғы жаңалықтар