АҚШ-тан депортациялау: Қазақстан азаматтарының жағдайы не болмақ

АСТАНА. KAZINFORM – АҚШ заңсыз келген мигранттарды жаппай елден шығаруын жалғастырып жатыр. Алайда, сарапшылар ел билігі олардың бәрін бірдей шекарадан асыра алмайтындығын алға тартып отыр. Осы орайда Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі Трамп саясатының көш-қон саясатының қыр-сырына үңіліп көрген еді.

 АҚШ-тан депортациялау
Коллаж: canva

Елден депортациялау арқылы қылмыспен күрес

Трамп АҚШ президенті лауазымына келгеннен кейін шығарған алғашқы жарлықтарының бірі елдің оңтүстік шекарасын жабу болды. Пентагон армия жауынгерлерінің санын 60 пайызға күшейтіп, Мексикамен шекарадағы 2 500 әскердің қатарын 1 500 қызметшімен толықтырды.

Өкілдер палатасы мен Сенат АҚШ аумағында заңсыз жүргендерді ұстауды көздейтін Лейкен Райли заңын қабылдады. Ақпан айында-ақ 119 заңсыз мигрант мінген алғашқы ұшақ Панамаға және де 135 мигранты бар ұшақ Коста-Рикаға аттанды. Мигранттардың жартысы – кәмелетке толмағандар. Трамп өз жарлығымен барлық заңсыз мигранттың АҚШ-қа келуіне тосқауыл қойды және оларға бассауға беруден бас тарта бастады.

Штаттардан қанша Қазақстан азаматы депортацияланады

2024 жылдың 24 қарашасындағы жағдай бойынша ICE ұстаған азаматтығы жоқтардың тізімінде болғандардың жалпы саны – 1 445 549 адам, оның 369-ы елден шығару туралы түпкілікті шешім қабылданған Қазақстан азаматтары. Тізімді Гондурас (261 651), Гватемала (253 413), Мексика (252 044) және Сальвадор (203 822) мемлекеттері бастап тұр. Сондай-ақ Қытай (37 908), Үндістан (17 940), Пәкістан (7 760), Түркия (3 103), Иран (2 618), Израиль (1 148), Мысыр (1 461), Канада (1 290), Оңтүстік Корея (837), Моңғолия (461), Жапония (28) және Австралия (261) азаматтары да депортацияланбақ.

Айта кетерлігі, депортацияланатындардың арасында Еуропаның дамыған елдері саналатын Франция (402), Италия (355), Швеция (120), Австрия (60), Швейцария (60), Бельгия (46) және Финляндияның (22) азаматтары бар.

Посткеңестік елдердің ішінде Ресей (3518), Украина (1862), Өзбекстан (975), Грузия (833), Әзербайжан (709), Беларусь (323), Қырғызстан (319), Молдова (279), Тәжікстан (149) және Түрікменстан (40) азаматтары елдеріне қайтарылады.

Неліктен ұсталған Қазақстан азаматтары жайлы толық мәлімет жоқ

ICE Америка заңнамасының кейбір талаптарына (1974 жылғы жеке деректерді қорғау туралы заң, ICE және АҚШ кеден-шекара қызметі нұсқаулары – ред. ескертпесі) байланысты Қазақстанның ұсталған азаматтары туралы ақпаратты олардың келісімінсіз ресми түрде беруден бас тартады. Дегенмен, ұлттық қауіпсіздік немесе қылмыстық тергеу сияқты ерекше жағдайлар қолданылады.

АҚШ-та ұсталған Қазақстан азаматтарына еліміздің консулдық қызметкерлерімен кездесу ұсынылады. Бірақ олар консулдық қызметкерлермен кездесуге ниет таныта бермейді. Бастапқы сауалнама алу кезінде ұсталғандардан консулдыққа хабарласу ұсынылады. Алайда, әдетте саяси немесе діни бассауға алу мүмкіндігін арттыру үшін одан бас тартатыны атап өтіледі. Ұсталған азамат ел заңдарының нюанстарын немесе ағылшын тілін білмеген жағдайда консулдыққа міндетті түрде хабар беріледі.

Шекараның Мексика жағында Қазақстан азаматтары бар ма

Трамп билікке келгеннен кейін бірден байқала бастаған үлкен өзгеріс - мигранттар АҚШ шекара қызметі қызметкерлерінің қабылдауына жазылуға пайдаланылатын «CBP One» смартфондарға арналған қосымшаның (Кеден және шекара күзеті – ред-ескертпесі) күшін жою болды. «CBP One» қосымшасын Байден әкімшілігі сот қудалауынан жасырынған мигранттардың кіруін ұйымдастыру және жеңілдету тәсілі ретінде іске қосқан еді.

 АҚШ-тан депортациялау
Фото: ssri.psu.edu

Қосымша жабылғаннан кейін кездесулері жоспарланып қойған 30 000-ға жуық адамның Мексикада қалып қойғаны туралы ақпарат бар. Осыған байланысты, азаматтарымыздың Мексикада, АҚШ-пен шекарада жүргенін жоққа шығаруға болмайды. Олар Трамп тыйым салғанға дейін Америкаға жетуге үміттенген болатын.

ICE мәліметінше, шекараны бұзғаны үшін ұсталған Қазақстан азаматтарының орташа саны бұрын айына 20-25 адам болса, «CBP One» қосымшасы арқылы 60-қа жуық адам өтіп отырған.

Сонымен қатар, жоғарыда аталған органдар Мексиканың қылмыстық картельдерін, Латын Америкасы елдерінің аумақтары арқылы мигранттарды алып жүру және тасымалдау қызметін көрсететін Қазақстанның туристік фирмаларын қамтитын ұйымдасқан топтардың бар екендігі туралы мәліметтерді тіркеген.

Азаматтарымыз АҚШ-қа заңсыз қалай кіреді

Елімізден АҚШ-қа қазіргі бағыт келесідей жол тартқан десек болады: Сингапур визасымен «Қазақстан - Қатар - Бразилия - Колумбия - Никарагуа» бағытында әуе арқылы.

Шенген визасымен баламалы әуе бағыты: «Қазақстан – Италия – Доминикан Республикасы – Колумбия – Сальвадор – Никарагуа». Одан ары - құрлықпен автокөлік арқылы Гондурас, Гватемала және Мексика аумақтары. Мексика аумағында «Тапачула – Тустла-Гутьеррес – Оахака – Мехико-Сити» тұрақты автобустарымен, одан кейін «Мехико – Тихуана» әуе бағытында ұшып, содан соң АҚШ шекарасын кесіп өтеді.

Елде заңсыз жүргендерді не күтіп тұр

Қазіргі уақытта АҚШ-та заңгерлік компаниялар заңсыз мигранттарға елде өздерін заңдастыруға мүмкіндік беретін ақылы қызмет көрсетуге дайын. Сонымен, заңсыз жүрген адамның елде қалуы үшін үміттене алатын көмектің бірнеше түрі бар.

Атап айтқанда, иммиграциялық заңгерлер қызметтің кең спектрін көрсетеді: депортациялаудан босату, бассауға алу, елден шығаруды кейінге қалдыра тұру, мәртебені өзгерту, өз еркімен елден кету, әкімшілік шағым сынды құны 15 000 долларға дейін жетуі мүмкін көмектің көптеген түрін көрсетеді. Қызмет құны нақты жағдайға байланысты.

Америкалық сарапшылардың пікірінше, АҚШ билігі америкалықтар жұмыс істегісі келмейтін ел экономикасының жеке секторындағы белгілі бір нишаларда жұмыс істеп жүрген барлық заңсыз мигрантты депортациялай алмайды. Дегенмен, депортацияланатын адамдардың қылмысқа қатысы болуы ықтимал, сондықтан оны қабылдаушы елдер ескеруі тиіс.

Вашингтондағы «The New Lines Institute for Strategy and Policy» еуразиялық қауіпсіздік және өркендеу бөлімінің директоры Камран Бухари көші-қон саясатын күшейту саяси мәселе екенін атап өтті. Өйткені Трамп сайлаушыларға берген уәдесін орындауы қажет.

 Камран Бухари
Фото: Kazinform

- Бұл 2026 жылдың қарашасында Конгрестің екі палатасында өтетін сайлау және республикашылдардың заң шығарушы органдағы өз артықшылығын сақтап қалу ниеті аясында маңызды болып отыр. Заңсыз мигранттармен байланысты жағдай қиындап барады. Олардың елдегі саны 10 миллионнан асады. Бұл адамдарды депортациялау үшін қомақты қаржылық және материалдық-техникалық ресурстар, сонымен қатар Иммиграция және кеден полициясы (ICE) санын арттыру қажет болады, - дейді сарапшы.

Инфографика
Инфографика: cis.org

Ол үкімет жаңа заңсыз мигранттардың келуінің алдын алу шараларын қабылдап жатыр деп есептейді.

- АҚШ билігі мүмкіндігінше заңға сай келген адамдарды депортациялайды. Өйткені, олардың барлығын депортациялай алмайды. Себебі бұл уақыт пен ресурсты талап етеді, - деді сарапшы.

Ең көп талқыланған мәселенің бірі Трамптың туу құқығы бойынша азаматтық алу құқығын тоқтату ниеті болды.

- Дүниеге келгеннен кейінгі азаматтық АҚШ Конституциясына 14-ші түзетуде бекітілген және оның күшін жою үшін Конгресс заң қабылдауы қажет. Бұл ережені президент жарлығымен өзгертуге болмайды және Трамптың тууы бойынша азаматтық алу құқығын жою ниеті демократтар штаттарының 18 бас прокуроры мен судьялары тарапынан қарсылыққа тап болды, - деді Камран Бухари.

Алғашқы 50 күнде ICE 32 809 адамды тұтқынға алды. Бұл 2024 қаржы жылындағы барлық тұтқынға алумен пара-пар - 33 242. Оның ішінде 14 111 адам, яғни жартысына жуығы ауыр қылмыс жасағандар болатын. Тағы 9 980 адам, шамамен үштен бірі қылмыстық жауапкершілікке тартылар еді. ICE қылмыстық топтардың барлық 1 155 мүшесін қамауға алды. Бұл өткен жылдың дәл осындай кезеңімен салыстырғанда екі жарым есеге дерлік көп – 483 тұтқындау.

Еуразиялық орталық вице-президенті Ральф Винни Трамптың заңсыз мигранттарды, әсіресе бұрын қылмыс жасағандарды депортациялау саясатын жалғастырды деп санайды.

  Ральф Винни
Фото: Kazinform

- Трамп әкімшілігі шынымен қылмыс деңгейін азайту үшін ұйымдасқан қылмыс өкілдерін нысанаға алып отыр. Бұл саясатты ел тұрғындары да қолдайды. Дегенмен, қазіргі уақытта қылмыскерлерді депортациялау заңды процедураларға байланысты күрделене түседі. Осыған байланысты Трамп Америка президентіне кез келген шетелдікті сотсыз депортациялауға орасан зор өкілеттік бере алатын «Шетелдік жаулар туралы заң» ретіне танымал 1798 жылғы Заңды қолдануға ниетті, - деп атап өтті сарапшы.

Осыған дейін АҚШ-та заңды негізі жоқ мигранттарға елден кету қажеттігі ескертілгені туралы жаздық.

 

Соңғы жаңалықтар