АҚШ Таяу Шығысқа 300-ден астам әскери ұшағын орналастырды
АСТАНА. KAZINFORM — Иранмен қарым-қатынас шиеленісіп кеткендіктен АҚШ Таяу Шығыстағы өзінің Орталық қолбасшылығының (CENTCOM) жауапкершілік аймағындағы әуе күштерін едәуір күшейтіп, өңірге 300-ден астам әскери ұшағын орналастырды, деп хабарлайды Анадолу агенттігі.
Бұл туралы ашық дереккөздердегі ұшу мәліметтері дәлел болып отыр.
Америкалық жойғыш ұшақтар мен әскери авиация негізінен Катардағы әл-Удейд, Иорданиядағы Муаффак әл-Салти және Сауд Арабиясындағы Сұлтан ханзада әуе базаларында шоғырланған.
Сонымен қатар аймақта USS Abraham Lincoln және USS Gerald R. Ford бастаған соққы беру тобы орналасқан. Бұл ұшақ тасығыштары әуе операцияларын жүргізуге және ықтимал қауіп-қатерге жедел әрекет етуге мүмкіндік береді.
Сарапшылардың пікірінше, мұндай ауқымды әскери күшейту — аймақтағы жағдайдың ушығуына байланысты тежеу әрі дайындық шарасы.
Айта кетейік, бұған дейін Америка Құрама Штаттары Иранға қарсы әскери операция жүргізу үшін Таяу Шығыстағы авиабазалар мен Еуропаға 150 әкери ұшақ жібергенін жаздық.