АҚШ тәжірибесі Қазақстанның мұнай саласы үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашады

АСТАНА. KAZINFORM — Робот-иттер кен орындарын тексереді, дрондар мұнай резервуарларын бақылайды, ал жасанды интеллект мыңдаған жабдықтың деректерін талдайды. АҚШ-та мұнай компаниялары өндіріс тиімділігін арттыру, шығындарды азайту және ықтимал ақауларға жедел әрекет ету үшін мұндай технологияларды кеңінен енгізіп жатыр. Бұл тәжірибе Қазақстан үшін де пайдалы. Осы және өзге де артықшылықтар туралы Jibek Joly телеарнасының сюжетінде айтылды.

АҚШ тәжірибесі Қазақстанның мұнай саласы үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашады
Видеодан алынған кадр

Кен орындарындағы робот-иттер мен дрондар

АҚШ-та тақтатас мұнайы өндірілетін ірі аудандардың бірі — Техас штатындағы Пермь бассейнінде жаңа технологиялар өндірістің ажырамас бөлігіне айналған. Мұнда өндіріс алаңдарын өз бетімен аралап, ықтимал ақаулардың белгілерін анықтайтын робот-иттер жұмыс істейді. Ал дрондар адамның көмегінсіз мұнай резервуарларын және өндірісті үздіксіз тексеріп, тазалайды. Мұндай міндеттерді орындау үшін техникаға инженерлердің талаптарына сәйкес бағдарламала енгізіледі.

АҚШ тәжірибесі Қазақстанның мұнай саласы үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашады
Видеодан алынған кадр

Энергетика саласы бойынша технологиялық шешімдер Хьюстон қаласындағы Cannon зертханасында да әзірленіп жатыр. Бұл мекеме — Chevron компаниясының серіктесі. Инженерлер 3D-принтерлер мен лазерлік құрылғылардан бастап, шағын спутниктік станцияларға дейінгі түрлі өнімдермен жұмыс істейді. Роботтандырылған шешімдерді енгізу қазірдің өзінде компанияға 100 миллион долларға жуық қаржы үнемдеуге мүмкіндік берген.

Жаңа технологияларды Қазақстанда қолдануға мүмкіндік бар ма

Пермь бассейніндегі мыңдаған жабдықтың жұмысын Мидленд қаласындағы Біріктірілген операциялар орталығы (IOC) бақылайды. Жүйе мұнай өндіруді болжауға және оңтайландыруға, сондай-ақ ұңғымаларды орналастыруды жоспарлауға, кен орындарын игеру кезінде уақыт пен қаражатты үнемдеуге көмектеседі.

Пермь бассейніндегі өндірістік бөлімшенің басшысы Сет Оливердің айтуынша, мамандар нақты уақыт режимінде жұмыс істейтін автономды RAO оңтайландырғышын пайдаланады. Сонымен қатар, жасанды интеллект үлкен көлемдегі деректерді талдайды. Нәтижесінде, өндірістік көрсеткіштерді жақсарту мүмкіндіктерін анықтауға жол ашылады.

— Біз әр ұңғыманың өнімділігін аз да болса арттырудың жолдарын іздейміз. Егер бір ұңғыманың мұнай өндіру көлемін 2-5 пайызға арттыра алсақ — үлкен жетістік. Өйткені, бұл нәтижені бүкіл бассейн бойынша қолданғанда, айтарлықтай тиімділікке қол жеткіземіз, — дейді Оливер.

АҚШ тәжірибесі Қазақстанның мұнай саласы үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашады
Видеодан алынған кадр

Пермь бассейнінің аумағы 220 мың шаршы шақырымнан асады. Мұндай ауқымды әрі күрделі кен орнын игеру технологияларды үнемі жетілдіруді талап етеді.

Ұңғымалардың өмірлік циклі жөніндегі бас менеджер Алехандро Джуришичтің түсіндіруінше, қазір қолданылатын технологиялар бұрынғылардан әлдеқайда дамыған. Бүгінгі құрылғылар Пермь бассейніндегі алғашқы ұңғымалар бұрғыланған 2010-2016 жылдардағы әдістерден айтарлықтай ерекшеленеді.

— Ұңғымалардың көп болуы жаңа шешімдерді сынауға кең мүмкіндік береді. Біз өз тәжірибемізден сабақ алып, басқа компаниялардың тәжірибесін де пайдалана аламыз. Бұл технологияларды бүкіл әлемде, соның ішінде Қазақстанда да қолдануға болады, — дейді Джуришич.

АҚШ тәжірибесі Қазақстанның мұнай саласы үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашады
Видеодан алынған кадр

Экология мәселелерінде жасанды интеллект оң септігін тигізеді

Тағы бір маңызды бағыт — қоршаған ортаның жай-күйін бақылау. Мұнай-газ саласы көмірқышқыл газын шығаратын негізгі көздердің бірі саналады. Сондықтан компаниялар өндірістің қоршаған ортаға әсерін барынша дәл бақылау жолдарын іздестіріп жатыр.

Калифорниядағы El Segundo мұнай өңдеу зауытында Өндірісті оңтайландыру орталығы (ROC) жұмыс істейді. Ол көптеген мониторинг нүктесінен деректер жинайды. Егер ақау шықса, операторларға бірнеше секунд ішінде әрекет етуге көмектеседі. Жасанды интеллект және өзге де жаңа технологиялар ауа сапасын бақылау және оның нәтижелері туралы ақпаратты қоғамға үзіліссіз ұсынуға мүмкіндік береді.

Компанияның мәліметінше, орталықтың жұмысы кәсіпорынның экологиялық көрсеткіштерін жақсартып, операциялық тиімділік бойынша рекордтық нәтижелерге қол жеткізуге ықпал еткен.

Қазақстанда да мұнай саласы үшін жасанды интеллектінің әлеуеті бағаланып жатыр. Мәселен, ЖИ технологиялары геологиялық деректерді талдау және бұрғылау орнын таңдау мерзімін бірнеше айдан 45 минутқа дейін қысқартады.

Айта кетейік, бұған дейін ЖИ дәуірінде Қазақстанға не қажет екенін жазғанбыз.