АҚШ технологиялық компаниялары демократтардың жеңісінен кейін 2,5 трлн доллар жоғалтты
АСТАНА. KAZINFORM — АҚШ Конгресіне өткен аралық сайлауда Демократиялық партия жеңіске жеткеннен кейін америкалық қор нарығы күрт құлдырады. Nasdaq Composite индексі 5,52% төмендеді. Бұл туралы Kazinform агенттігі BBC-ге сілтеме жасап хабарлады.
Dow Jones Data мәліметінше, Nasdaq индексіне кіретін компаниялардың жиынтық нарықтық құны шамамен 2,5 трлн долларға азайған.
Инвесторлар демократтар жасанды интеллект саласына қойылатын талаптарды күшейтіп, жаңа деректерді өңдеу орталықтарының құрылысына шектеу қоюы мүмкін деп қауіптенеді. Бұған қоса, жасанды интеллектіні дамытуға бағытталған ауқымды инвестициялардың ақталуына қатысты күмән де нарыққа қысым түсіріп отыр.
Микросхема өндірушілердің акциялары айтарлықтай арзандады. Nvidia акциялары 9%-дан астам төмендеп, компанияның нарықтық құны шамамен 400 млрд долларға қысқарды. AMD мен Micron акциялары 17%-дан астам, Intel қағаздары 10,3% арзандады.
Илон Масктың компанияларының акциялары да айтарлықтай арзандады. BBC мәліметінше, SpaceX акциялары 8%, Tesla акциялары 11%-ға жуық төмендеді. Соның салдарынан екі компанияның жиынтық нарықтық құны шамамен 300 млрд долларға кеміді.
АҚШ-тың басқа қор индекстері де сауданы төмен көрсеткішпен аяқтады. Dow Jones Industrial Average 3,4%, S& P 500 4,4% төмендеді.
Теріс динамика Азия нарықтарына да әсер етті. 6 қараша күні таңертең Оңтүстік Кореяның Kospi индексі 8,5%-ға құлдырап, сауда уақытша тоқтатылды. SK Hynix акциялары 11,5%, Samsung қағаздары 10%-ға жуық арзандады.
Жапонияның Nikkei 225 индексі 6%-ға жуық төмендеді. Микросхема өндіруші Kioxia мен Tokyo Electron акциялары тиісінше 12,6% және 9,5% арзандады.
Сайлау науқаны кезінде Демократиялық партияның бірқатар кандидаты деректерді өңдеу орталықтарының құрылысын шектеуді және жасанды интеллектінің дамуын қатаң бақылауды жақтады.
Бұған дейін АҚШ Конгресіне өткен аралық сайлаудан кейін Азия қор нарықтарының басым бөлігі өскені хабарланған еді. Алайда жасанды интеллектіні дамытуға қатысы бар технологиялық компаниялардың акциялары арзандап жатыр.