АҚШ-тың Гренландияға қатысты қадамы Данияның қарсылығын туғызды
АСТАНА. KAZINFORM — Данияның премьер-министрі Метте Фредериксен АҚШ президенті Дональд Трамп Луизиана штатының губернаторы Джефф Лэндриді Гренландия бойынша арнайы өкіл етіп тағайындағаннан кейін, түсініктеме алу үшін АҚШ елшісін шақыруды жоспарлап отырғанын мәлімдеді. Бұл туралы АЗЕРТАДЖ хабарлады.
Агенттіктің хабарлауынша, бұл шешім Копенгагенде де, Гренландияның астанасы Нуукта да сынға ұшырады.
Джефф Лэндри Трампқа сенім білдіргені үшін алғыс айтып, X әлеуметтік желісінде Гренландияны АҚШ-тың бір бөлігі етуге атсалысу өзі үшін үлкен мәртебе екенін жазды.
Ал Дональд Трамп аралдың АҚШ ұлттық қауіпсіздігі үшін стратегиялық маңызы бар екенін атап өтіп, бұл мәселені күш қолдану шаралары арқылы шешу мүмкіндігін де жоққа шығармады.
Бұған дейін АҚШ вице-президенті Джей Ди Вэнс Гренландиядағы алыс орналасқан америкалық әскери базада болып, Данияны бұл аумаққа жеткілікті көңіл бөлмеді деп сынға алған. Арнайы өкілдің тағайындалуы даниялық саясаткерлердің алаңдаушылығын одан әрі күшейтті.
Данияның сыртқы істер министрі Ларс Лёкке Расмуссен бұл шешімді «қабылдауға болмайтын» деп атап, корольдіктің аумақтық тұтастығын құрметтеу қажеттігін айтты.
Ал Метте Фредериксен мен Гренландия үкіметінің басшысы Йенс-Фредерик Нильсен бірлескен мәлімдемеде халықаралық қауіпсіздік деген желеумен басқа елдерді аннексиялау жол берілмейтінін және Гренландия гренландиялықтарға тиесілі екенін еске салды.
Данияны Еуроодақ пен Швеция да қолдап, егемендік пен халықаралық құқық қағидаттарына адал екендерін білдірді. Ал консервативті саясаткер әрі Трамптың жақтасы ретінде танылған Лэндридің тағайындалуы Гренландияның болашағына қатысты дипломатиялық шиеленісті күшейтті.
Еске салсақ, Ақ үй арал билігімен тікелей қарым-қатынас орнату үшін Гренландия бойынша АҚШ-тың арнайы елшісі етіп республикашыл губернатор Джеф Лэндриді тағайындады.
Бұдан бұрын Дания Сыртқы істер министрі Ларс Лекке Расмуссен АҚШ әкімшілігін ел мен Гренландияны сынағаны үшін ренішін білдіріп, Копенгаген Арктика қауіпсіздігіне көбірек инвестиция салып жатқанын және АҚШ-пен тығыз ынтымақтастық үшін ашық екенін мәлімдеді.