АҚШ-тың Ирандағы ядролық нысандарды бомбалауы аймақ үшін «қауіпті бұрылысты» білдіреді — БҰҰ

АСТАНА. KAZINFORM — Жексенбі күні БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі Иранның сұранысы бойынша бұл елдің ядролық нысандарына жасалған соңғы соққыларға байланысты шұғыл отырыс өткізді, деп хабарлайды Kazinform

совбез оон
Фото: unrcca.unmissions.org

Жиында сөз сөйлеген БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш Құрама Штаттардың Иранның ядролық нысандарын бомбалауы аймақ үшін «қауіпті бұрылысты» білдіретінін мәлімдеді.

— Әлем де осы қауіпті қақтығыстың салдарынан құтыла алмайды, — деп қосты Бас хатшының саяси мәселелер жөніндегі көмекшісі Мирослав Енча.

«Дипломатия жеңуі керек» 

Гутерриш Таяу Шығыстағы кез келген әскери шиеленісті тағы да айыптап, «жауап соққылар тізбегіне ұласу қаупі» бар екенін ескертті.

— Мұның алдын алу үшін дипломатия басым болуы керек, — деді Бас хатшы.

Енча Иран парламентінің жаһандық энергия транзитінің ең маңызды теңіз бағыты — Ормуз бұғазын жабу шараларын бірауыздан қолдағанын атап өтті. Бұл мәселе бойынша соңғы шешімді Иранның Ұлттық қауіпсіздік жоғары кеңесі қабылдауы керек.

— Мен теңізде жүзуге қатысты халықаралық құқық бойынша барлық мемлекеттердің құқықтары мен міндеттерін еске саламын, — деді Бас хатшының көмекшісі.

БҰҰ басшысы теңізде қауіпсіз кеме қатынасы қамтамасыз етілуі керек екенін атап өтті.

Гутерриш соғыс қимылдарын дереу тоқтатып, Иранның ядролық бағдарламасы бойынша келіссөзді қайта бастауға шақырды. Оның мәлімдеуінше, Иран Ядролық қаруды таратпау туралы келісімді орындауы және БҰҰ-ға мүше барлық ел Жарғы мен халықаралық құқық, соның ішінде халықаралық гуманитарлық құқық нормалары аясындағы өз міндеттемелеріне сәйкес әрекет етуі керек.

— Бізге сенімге ие болатын, жан-жақты және тексерілетін — МАГАТЭ инспекторларының толық қолжетімділігін қоса алғанда сенімді қалпына келтіретін шешім керек. Қазір біз күрделі таңдаудың алдында тұрмыз. Бір жол — ауқымды соғысқа апарады… екіншісі — жағдайды бәсеңдетуге, дипломатия мен диалогқа бастайды. Біз қай жолдың дұрыс екенін білеміз, — деп қорытындылады ол.

Еске сала кетсек, АҚШ президенті Дональд Трамп Иранның ядролық инфрақұрылымына қарсы жүргізілген «өте сәтті» әскери операция туралы мәлімдеді. 

БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі АҚШ-тың Иранға соққы жасауына байланысты шұғыл жиналыс өткізді. 

Соңғы жаңалықтар