АҚШ-тың мемлекеттік қарызы $34,2 триллионнан асып кетті: Әлем экономикасында тоқырау болуы мүмкін бе

АҚШ-тың мемлекеттік қарызы жылдан жылға ұлғайып келеді, бүгінде оның сомасы 34,2 трлн доллардан асып жығылады. Алайда мұндай ауқымды қарыз елдің экономикалық дамуына кедергі келтірмейді, бірақ болашақта салдары ауыр болуы ғажап емес. Борыштың қарқынды өсуі АҚШ пен бүкіләлемдік экономикаға қалай әсер ететінін Kazinform-ның меншікті тілшісі анықтап көрді.

АҚШ мемқарызы
Фото: Midjourney

Үкіметтің кірісінен шығысы көп 

Мемлекеттік қарыздың АҚШ экономикасы үшін оң да, теріс те ықпалы бар. Жағымсыз салдары ретінде төмендегіні айтуға болады: біріншіден, АҚШ үкіметініңкірісінен шығысы көп. 2023 қаржылық жылы АҚШ-тың жалпы мемлекеттік шығыны $6,13 трлн жетті, ал кірген кіріс $4,44 трлн болды. Яғни $1,69 трлн көлеміндегі дефицитке алып келді, бұл былтырғы қаржылық жылдағы көрсеткіштен $320 млрд көп.

2001 жылдан бері федералдық үкіметтің бюджет тапшылығы жыл сайын $1 трлн-нан асып кетіп жатыр, бұл АҚШ мемлекеттік қарызының ұлғаюына әкеп соқтырады. Алдағы он жылда бюджет тапшылығы айтарлықтай артып, 2033 жылы $2,7 трлн жетеді деп болжануда.

Кейінгі 50 жылда Америкада бюджет профициті (кіріс шығыстан артық болса – ред.) бес-ақ рет тіркелген екен, соңғы рет мұндай жағдай 2001 жылы болған.

Екіншіден, мемлекеттік қарыздың шығындары өсіп келеді, соның кесірінен басқа маңызды әлеуметтік бағдарламаларға қаражат жетпей қалуы мүмкін. Қарыз шығындарын жабуға федералдық үкімет ең қомақты сома жұмсайды. 2023 жылы бұл шығындар $879 млрд құрады, яғни бұл барлық бюджет шығыстарының 14%-ы деген сөз. 2022 жылы бұл көрсеткіш $717 млрд болған еді.

Конгрестің Бюджет басқармасының мәліметтеріне сәйкес, 2029 жылы АҚШ-та қарыз шығындары қорғанысқа бөлінетін қаражаттан асып түсіп, $1 трлн жетуі мүмкін.

- Осыған дейін Вашингтон сарқылмайтын ресурсы бар байлар сияқты, ақшасын санамай шашып келді. Алайда «судың да сұрауы бар екенін» естен шығармау керек. Болашақ бұлыңғыр деп ойлаймын, – дейді Лойола Мэримаунт Университетінің экономика профессоры Сунг Вон Сон.

Вашингтон қарызға ақша алу үшін мемлекеттік облигациялар шығарады

Мемлекеттік қарыздың жағымды жақтарына келер болсақ, енді АҚШ одан да көп қаржыны қарызға ала алады. Ақша жетіспеушілігінің орнын толтыру үшін Вашингтон мемлекеттік облигация шығару арқылы қарыз алады. Оған АҚШ Қазынашылық департаменті (Department of Treasury – ред.) эмиссия жүргізеді, сондықтан бұл бағалы қағаздар «қазынашылық» немесе «трежерис» деп аталады. Бағалы қағаздар АҚШ биржаларында, ашық алаңдарда сатылады, оны кез келген адам сатып алып, сол арқылы Американың қазынасына «қолдау» білдіре алады.

Алайда мемлекеттік қарыздың шегі бар екенін атап өту керек. 1960 жылдан бері Конгресс бұл шекті, яғни мемлекеттік қарыздың ең жоғарғы мәнін 78 мәрте өзгерткен екен. Соңғы рет бұл шек 2021 жылы көтерілген еді. Жалпы қарыздың шегі республикалық президенттер тұсында 49 мәрте, демократ президенттер билік басында болған кезеңде 29 рет өзгерген.

АҚШ мемлекеттік қарызы
Фото: Midjourney

Бұл тұрғыда былтыр ерекше оқиға болды. АҚШ Қаржы министрлігі 2023 жылғы 19 қаңтарда мемлекеттік қарыздың шегіне, яғни $31,4 трлн келіп жетті (2021 жылы қойылған меже - ред.). Республикалық партия өкілдері мен демократтар арасында 3 айға созылған пікірталастан соң былтыр 3 маусымда конгресмендер 2025 жылғы қаңтарға дейін АҚШ мемлекеттік қарызының қызметін тоқтата тұру туралы шешім қабылдады. Былайша айтқанда, саясаткерлер бұл мәселенің шешімін 2024 жылғы сайлауда жеңіске жететін жаңа президентке қалдырып отыр.

Іс жүзінде АҚШ Қаржы министрлігі өзіне қанша қаражат қажет болса, сонша қарыз алу мүмкіндігіне ие болды. 2025 жылғы қаңтарда ол мән қай жерге барып тоқтаса, мемлекеттік қарыздың деңгейі де сол деп есептеледі.

Қарыз неғұрлым көп болса, доллар соғұрлым мықты бола ма?

Мемлекеттік қарыздың ауқымы, егер АҚШ үкіметі оның төлемін өтеп отыра алса, ел экономикасында қандай да бір проблема бар екенін білдірмейді. Әзірге Вашингтон қарыз өтеуде қиындыққа тап болып көрген емес, соның арқасында қазынашылық облигациялары көптеген елдер үшін ақша-кредит саясатындағы негізгі сенімді элементі саналады.

«Stony Brook University» экономика профессорыСтефани Келтон жоғары пайыздық мөлшерлемемен қарызды өтеп отыру экономиканы ынталандыруы мүмкін деп есептейді. АҚШ мемлекеттік облигацияларын иеленіп отырған жеке және заңды тұлғалар орасан зор пайыздық табыс тауып, қомақты қаражатты қарызға беруге өздері мүдделі болады.

Бұның себебі, Американың экономикасы - ең мықты әрі орнықты, яғни әлемдегі ең сенімді, қауіпсіз құнды қағаздарға инвестиция салу дегенді білдіреді. Қазынашылық қарыз облигациялары доллармен сатып алынады, доллармен жүзеге асырылады, дивидендтер де доллармен төленеді. Бұл өз кезегінде елдің ұлттық валютасын нығайтады.

- Бұл қарапайым халық бас қатыратын мәселе емес. Американың кредиттері ең сенімді активтердің бірі болып саналады, сондықтан үкімет қашан болсын осы қарызды толық төлеуге мәжбүр болып қалуы екіталай, – деп атап өтті Нобель сыйлығының лауреаты, Массачусетс технологиялық институтының профессоры Эстер Дюфло.

АҚШ мемлекеттік қарызының кредиторлары екіге бөлінеді: жария борыш иелері және ішкі мемлекеттік қарыз иелері.

АҚШ жария қарызының иелерінде (ірі банктер, сақтандыру компаниялары, корпорациялар, АҚШ Федералдық резерв жүйесі (ФРЖ, яғни АҚШ орталық банкі), штаттардың үкіметтері, жеке тұлғалар – ред.) $19,27 трлн (бүкіл қарыздың 56,3%-ы) шоғырланған. Бұл қатарға $7,8 трлн (22,8%) қарызды иемденіп отырған шетел мемлекеттері де жатады. Ең ірі кредиторлар үштігіне Жапония ($1,1 трлн), Қытай ($782 млрд) және Ұлыбритания ($716,2 млрд) кіреді.

Ішкі мемлекеттік қарыз иелерінің қолында $7,12 трлн шамасында (20,8%) ақша шоғырланған. Ол ел үкіметінің өзінен өзі алған борышы десе болады (америкалық мемлекеттік органдар: қорғаныс министрлігі, пошта қызметі, «Social Security» әлеуметтік қамсыздандыру қызметі, Medicare медициналық көмек пен сақтандыру бағдарламасы, Medicaid – ред.).

- ФРЖ пайыздық мөлшерлемені көтереді, бұл облигация иелеріне жүздеген миллиард доллар қосымша табыс табуға мүмкіндік береді. Мемлекеттік облигация иелері пайыздық кіріс есебінен орасан зор табыс табады, – деді Стоуни-Брук Университетінің экономика профессоры Стефани Келтон.

Сарапшылардың пікірінше, осылайша АҚШ-тың дефолтқа ұшырау (елдің өз қарызын төлей алмауы – ред.) қатері өте төмен.

«Monex USA» сауда жөніндегі директоры Хуан Перестің пікірінше, нарық АҚШ дефолтқа ұшырайды деп күтпейді, өйткені бұл «дедолларизацияға» – жаһандық тұрақтылықтың және АҚШ доллары үстем валюта болып отырған қазіргі қаржы жүйесінің құлдырауына алып келеді.

АҚШ мемлекеттік қарызы
Фото: Pixabay

 

 

АҚШ қазынашылық құнды қағаздарының бәсекеге қабілеттігі долларға деген сұранысты қамтамасыз етіп, оның бағасының өсуіне, әлемдік резервтік валюта ретіндегі мәртебесінің нығаюына септігін тигізеді. Дефолт сияқты кез келген құбылыс инвесторларды АҚШ қазынашылық облигацияларын сатуға итермелейді, соның салдарынан Америка валютасы да әлсірейді.

Американың бүкіл мемлекеттік қарызы долларда сақталған, оған АҚШ бақылау жасайды және қажет болған жағдайда ФРЖ қарыз міндеттемелерін сатып ала алады.

2022 жылғы 8 маусымдағы мәлімет бойынша, ФРЖ портфелі $8,97 трлн (АҚШ мемқарызы – ред.) деп бағаланған еді, бұл 2020 жылғы 18 наурыздағы көрсеткіштен $4,25 трлн артық (ол кезде көптеген кәсіпорындар жабылып қалған – ред.).

«Pew Research Center» аға сарапшысы Дрю ДеСильвердің айтуынша, Федералдық резервтік жүйе - АҚШ мемлекеттік қарызының ең ірі иесі.

- Қарыздың ұтымды тұстары да көп. Мемлекеттік борыш қашанда төтенше жағдайларда пайдаланылып келді. Қазіргі адамдарға салықты көбейткенше, қарыз алуға ақша бөлген жеңілірек, - деді Санта-Клара Университеті жанындағы Ливи бизнес мектебінің экономика профессоры Крис Митченер.

АҚШ пен әлем экономикасы үшін қандай қауіп бар?

Дегенмен, алдағы онжылдықтарда қарыздың өсу қарқыны федералдық бюджетке қысым жасай бастауы мүмкін. Қыруар қарыз проценттерін төлеуге мәжбүр болған федералдық үкімет басқа басымдықтарды кейінге ығыстырып, төтенше жағдайлар кезінде дағдарысқа дер кезінде жауап беру мүмкіндігінен айырылуы ықтимал. Қазіргі саясатқа қарап, АҚШ-та жағдайды түзетуге 20 жылдай уақыты қалды деп айтуға болады. Одан кейін салықты көтеру, шығынды азайту секілді ешқандай шаралар көмектеспейді – үкімет дефолты болады. Ол алапат дағдарыс АҚШ пен бүкіл әлемнің экономикасына әсер етеді.

Бұл болжамдар Конгрестегі алауыздыққа себеп болып отыр. Демократтар мен республикалықтар қарызды азайту керек дегенге келісіп отыр, алайда оған қол жеткізу жолы жөнінде ортақ пайымға келе алар емес.

Джо Байден Әкімшілігі байлар мен корпорацияларға салынатын салықты көбейтіп, бюджет тапшылығын азайту, ішкі бағдарламасын қаржыландыруды арттыру керек дейді. Байден төленбеген салықты жинауы үшін АҚШ Салық басқармасының (IRS) бюджетін көбейтті, осылайша 10 жылда қарызды жүздеген миллиард долларға азайтуды көздеп отыр.

Республикалық партия қорғаныстан басқа барлық мемлекеттік бағдарламаларды едәуір қысқартып, салық жеңілдіктерін алып тастауды, инфляцияны төмендету туралы заңнамада көрсетілген экологиялық таза энергияға кететін шығынды азайтуды ұсынып отыр. Республикалықтар IRS қаржыландыруын азайтып, салықты төмендету керек деген талап қойды.

Қорыта келе, АҚШ-тың мемлекеттік қарызы проблема болғанымен, оның ауқымы БАҚ-та жарияланып жатқандай қорқынышты мәселе емес екенін түсінуге болады. АҚШ-тың мемлекеттік қарызы өсе береді, бұл бір жағынан елдегі және шетелдегі инвесторлардың Америка экономикасына, оның құнды қағаздарына, долларға деген сенімін білдіреді. Алайда, Америка саясаткерлері мемлекеттік қарызды азайту жолдарын ұсынып, әсіресе президент сайлауы кезеңінде электорат ықыласына бөленуге тырысары анық.

Соңғы жаңалықтар