АҚШ-тың Орталық барлау басқармасы қызметкерлеріне Трамп бағдарламасы аясында жұмыстан шығуды ұсынды
АСТАНА.KAZINFORM - Орталық барлау басқармасы өз қызметкерлеріне президент Дональд Трамптың бағдарламасы аясында өз еркімен отставкаға кеткен жағдайда өтемақы төлеуді ұсынды, деп жазады FOX News.

ОББ федералды қызметкерлерді кадрлық тазартудан босатылғанына қарамастан, агенттіктің жаңа директоры Джон Рэтклифф қызметкерлеріне ерікті түрде жұмыстан шығуды және сегіз айлық жалақы мен жеңілдік алу ұсынылған электронды хат таратуды тапсырды.
Рэтклифф сондай-ақ ұзақ жыл қызмет еткен офицерлерге мерзімінен бұрын зейнетке шығу мүмкіндігін беруді ұйғарды, сондай-ақ Байден әкімшілігінің өкілеттік мерзімінің соңында қызметке қабылданған адамдардың жұмысқа орналасуын тоқтатты. Бұл әрекет олардың лауазымы Трамп әкімшілігінің басымдықтарына сәйкес келетінін қамтамасыз ету үшін жасалды.
- Бұл қадам агенттікті қайта жандандыру, жаңа басшылардың пайда болуына мүмкіндік беру және ОББ өз миссиясын орындау үшін жақсырақ жағдай жасау жөніндегі кешенді стратегияның бір бөлігі, - деді ОББ өкілі.
Бұған дейін Трамп әкімшілігі 2 миллион федералды қызметкерге электронды хат жіберіп, оларға жаңа бағдарлама бойынша 6 ақпанға дейін жұмыстан кетуге және өтемақы алуға мүмкіндік берген еді.