АҚШ-тың ірі банктерінде жаппай техникалық ақау болды

АСТАНА. KAZINFORM — АҚШ-тағы бірнеше ірі банктің клиенттері онлайн қызметтерді пайдалануда қиындыққа тап болды. Соның салдарынан шоттарына кіріп, қаржылық операциялар жүргізе алмағандар бар. Бұл туралы DW хабарлайды.

Массовый сбой затронул крупнейшие банки США
Фото: Kazinform / ЖИ

Downdetector деректеріне сәйкес, пайдаланушылар Bank of America, Chase, J.P. Morgan, U.S. Bank, Wells Fargo банктері мен Zelle төлем сервисінің жұмысында ақау болғанын хабарлаған.

Chase банкінің өкілдері бұл жағдай кибершабуылға байланысты емес, техникалық ақаудан туындағанын мәлімдеді.

— Техникалық ақауға байланысты кейбір транзакцияларды өңдеу әдеттегіден ұзаққа созылып жатыр. Дегенмен клиенттер өз шоттары мен қаражатына қол жеткізе алады. Біз мәселені мүмкіндігінше тезірек шешу үшін жұмыс істеп жатырмыз, — делінген банк мәлімдемесінде.

Бұл хабарламалар Microsoft компаниясының 13 қарашада болған ауқымды техникалық ақауынан бірнеше күн өткен соң жарияланды. Ол кезде компанияның Outlook, Teams және Copilot сияқты бірқатар сервисі бірнеше сағат бойы істемей қалған еді. Екі оқиғаның өзара байланысы бар-жоғы әзірге белгісіз.

Бұған дейін АҚШ-та авиадиспетчерлердің байланыс жүйесіндегі ауқымды үзіліс салдарынан ұшақтар төрт сағат бойы әуеге көтеріле алмай тұрғаны хабарланды. Ақау ел бойынша әуежайларға әсер етіп, ұшу кестесіне айтарлықтай кедергі келтірді.