АҚШ-тың тағы бір штатын су басты: адамдар із-түссіз жоғалып, үйлер ағып кетті
АСТАНА. KAZINFORM – АҚШ-та тағы бір штатта су тасқыны болып, бірнеше адам қаза тапты. Ұлттық метеорологиялық қызметі Нью-Мексико штатында кенеттен болған су тасқынына байланысты төтенше жағдай жариялады, деп жазды Оxu.az.

Oxu.Az сайты бұл туралы CBS News мәлімдегенін хабарлады.
Қызметтің деректеріне сәйкес, қысқа уақыт ішінде штатта 4–6 сантиметр мөлшерінде жауын-шашын түскен. Қайғылы жағдайлар да тіркелді: Линкольн қаласында әке мен оның екі баласын су ағыны алып кеткен, соның салдарынан олар ауыр жарақат алып, қаза тапқаны айтылды.
Бірнеше адам із-түссіз жоғалып кеткен деп хабарланады, бірақ олардың нақты саны әзірге белгісіз. Көптеген тұрғындар ауыр жарақат алған.
Сондай-ақ, Альбукерке қаласындағы өзен арнасынан асып, қалада су тасқынына себеп болды.
Метеорологиялық қызмет: «Өзенге жақындамаңыздар! Биік жерлерге шығыңыздар!» — деп ескертті.
Руидосо қаласында қатты ағын ғимараттарды жылжыта бастаған. Әлеуметтік желілерде өзенмен ағып бара жатқан үйлердің видеолары тарады.
Бұдан бөлек, осы аптада Техастың орталық бөлігінде де ірі су тасқыны болды. Гваделупа өзені күрт көтеріліп, тарихтағы екінші ең жоғары деңгейге жеткен.
Еске сала кетейік, Техастағы су тасқынынан қаза тапқандар саны 100-ден асқанын жазған едік. Арасында 28 бала бар.