АҚШ Транскаспий бастамасы қорына 201 млн доллар инвестиция салады
АСТАНА. KAZINFORM – АҚШ Мемлекеттік департаменті Оңтүстік Кавказда берік әрі тұрақты бейбітшілікті қамтамасыз етуге күш салып жатқан Әзербайжан мен Арменияны қолдау аясында 201 млн доллар бөлу туралы шешім қабылдады, деп хабарлайды Анадолу.
АҚШ Мемлекеттік хатшысы Марко Рубио Орта дәліз деп те аталатын Транскаспий сауда бағыты бойындағы жеке сектор инвестицияларына қолдау көрсететін Транскаспий бастамасы қорының құрылғанын мәлімдеді.
Әзербайжан мен Армения арасындағы бейбіт келісімдердің бірінші жылдығына орай мәлімдеме жасаған Рубио жаңа директорлар кеңесі құрылғаннан және АҚШ үкіметі 201 млн доллар көлемінде қаржы бөлгеннен кейін бастаманың «жұмысын бастағанын» айтты.
Рубио қордың іске қосылуы Баку мен Ереван арасындағы ұзақ жылдарға созылған шиеленіс бәсеңдегеннен кейін экономикалық ынтымақтастықтың кеңейіп келе жатқанын көрсететінін атап өтті.
– Бейбітшілік пен өркендеу бір-бірін өзара күшейтеді, – деді Марко Рубио.
Ол «Халықаралық бейбітшілік пен өркендеу жолындағы Трамп бағыты» (TRIPP) жобасы жай ғана инфрақұрылымдық жоба емес екенін атап өтті.
АҚШ Мемлекеттік хатшысы Вашингтон әкімшілігі Оңтүстік Кавказда берік әрі тұрақты бейбітшілікті қамтамасыз етуге қосқан үлесі үшін Армения мен Әзербайжанды қолдауды жалғастыратынын мәлімдеді.
Транскаспий бастамасы қоры Оңтүстік Кавказды Орталық Азиямен байланыстыратын Орта дәліз бойындағы жеке сектор инвестицияларын ынталандыруға бағытталған. Бұл бағыт Азия мен Еуропа арасындағы балама сауда дәлізі саналады.
Еске сала кетсек, АҚШ билігі Колумбияға есірткі картельдерімен күрес үшін 1 млрд доллар бөлетінін мәлімдеді.