АҚШ туристерден елге кіру үшін әлеуметтік желідегі аккаунтын көрсетуді талап етуі мүмкін

АСТАНА. KAZINFORM — АҚШ-тың шекара қызметі туристер туралы көбірек дерек жинауды жоспарлап отыр. Америкалық БАҚ-тың кедендік-шекаралық қызметке сілтеме жасап хабарлауынша, оның ішінде бұрынғы телефон нөмірлері, IP-адрестер, биометриялық деректер және соңғы бес жылдағы әлеуметтік желідегі белсенділік болуы мүмкін, деп жазды DW.

АҚШ туристерден елге кіру үшін әлеуметтік желідегі аккаунтын көрсетуді талап етуі мүмкін
Фото: DW

Дерек жинауды кеңейту туралы жоспар визасыз кіру бағдарламасына қатысатын 42 елдің саяхатшыларына бағытталған. Олардың қатарында Германия, Польша, Ұлыбритания, Балтия елдері, Израиль және Оңтүстік Корея бар. Әлеуметтік желідегі профильдерді көрсету – ESTA жүйесі арқылы өтінім беру кезінде міндетті талапқа айналмақ. Мұндай ақпарат көрсетілмеген өтінім толық емес деп танылып, қабылданбауы мүмкін. Бұған дейін мұндай деректер тек ерікті түрде немесе шекарада арнайы сұратылған жағдайда ғана ұсынылатын.

Ұқсас талаптар бұған дейін басқа виза санаттарына қолданылған. 2019 жылдан бастап иммиграциялық және бейиммиграциялық визаларға өтініш берушілердің барлығы әлеуметтік желідегі аккаунттарын ашып көрсетуге міндеттелді. 2025 жылдың маусымынан бастап бұл талап шетелдік студенттерге де енгізілді.

АҚШ-тың кедендік-шекара қызметі бұл шараны бекіту үшін Бюджет басқармасына ресми сұрау жолдайды. Алайда талаптың өзі қызметтің ресми парақшасында жарияланып, қоғам мен мүдделі органдардың талқылауына шығарылған.

Айта кетейік, Трамп әкімшілігі 85 000 визаның күшін жойды.

Соңғы жаңалықтар