АҚШ-тың оңтүстіктегі шекарасында ай сайын 200 мыңнан астам мигрант ұсталады
ВАШИНГТОН. ҚазАқпарат – Мамыр айында АҚШ-тың кеден және шекара күзеттері оңтүстік-батыста орналасқан құрлықтағы шекарада 239 416 заңсыз мигрантты ұстады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі ABC News басылымына сілтеме жасап.
Сәрсенбі күні жарияланған статистикаға сәйкес, АҚШ-та оңтүстіктегі шекарадан өтуге талпынғандардың ең көп саны соңғы рет 2000 жылы тіркелген болатын.
Құжатта соңғы төрт айда оңтүстік шекара бойында заңсыз мигранттар саны айтарлықтай артып, ай сайын 200 мыңнан астам адамды құрайтыны айтылған.
Мамыр айында шекараны заңсыз кесіп өткісі келгендер сәуірмен салыстырғанда 2% көп болды. Заңды өкілі жоқ кәмелетке толмағандар саны да өткен аймен салыстырғанда 20% өсті. АҚШ шекара-кеден қызметі мигранттардың 25% тұтқындап, депортациялады.
Маусым айының басында бірнеше мың мигрант Мексикадан Құрама Штат шекарасына бет алған. Олардың басым бөлігі Венесуэладан келген болып шықты.