АҚШ-тың президенттік делегациясы «ЭКСПО-2017» көрмесіне келді

«Маған «ЭКСПО-2017» көрмесіне АҚШ-тың президенттік делегациясын бастап келу мәртебесі берілді. Осы орайда Президент Трамптың атынан осы ауқымды шараны өткізіп жатқан Қазақстанды құттықтағым келеді. Сонымен қатар осынау халықаралық көрменің «Болашақ энергиясы» тақырыбында өткізілуі өте өзекті және АҚШ Энергетика министрлігі де бұл бағытқа ерекше мән беріп отыр. Осы сапар барысында Президент Дональд Трамп АҚШ пен Қазақстанның арасындағы қарым-қатынастарға айрықша назар аударатынын айтқым келеді»,-деді АҚШ Энергетика министрінің орынбасары Дэн Бруйллэтт.
Бұл тұрғыда ол екі ел арасындағы байланыстар ресми тұлғалар мен компаниялардың арасындағы тығыз ынтымақтастықтың арқасында өрбігендігін атап өтті.
«25 жылдың барысында біздің қатынастар тек нығайып келеді, әсіресе энергетика мен ядролық қаруды таратпау салалаларында өзара түсіністік күшейді. Америка Құрама Штаттары Қазақстанды Орталық Азиядағы маңызды серіктесі деп бағалайды»,-деді Бруйллэтт.
Осы орайда ол екі мемлекет арасында энергетика саласындағы ынтымақтастық бойынша елеулі жетістіктерге қол жеткізілгенін, сондай-ақ алдағы уақытта да бұл бағыттағы қатынастарды жалғастыруға мүдделі екендіктерін жеткізді.
«ЭКСПО көрмесі болашақтағы энергетикалық проблемаларды шешу үшін алдағы буынның ғалымдары мен инженерлерін ынталандыра түседі деп пайымдаймын. Осы салада алдағы жылдары Қазақстанмен бірлесіп жұмыс істеуге әзірміз»,-деді АҚШ Энергетика министрінің орынбасары.