АҚШ-тың Уитинсвилль провинциясында америкалық отбасымен асырап алынған қазақстандық балалардың тағдыры жiтi бақылауда тұр - Б.Жұмағұлов
АСТАНА. 2 тамыз. ҚазАқпарат - ҚР Бiлiм және ғылым министрлiгi АҚШ-тың Уитинсвилль провинциясында америкалық отбасымен асырап алынған қазақстандық балалардың тағдырын жiтi бақылауда ұстауда. Бұл туралы бүгiн баспасөз мәслихатында ҚР Бiлiм және ғылым министрi Бақытжан Жұмағұлов мәлiм еттi.
«Онымен ҚР БҒМ Балалар құқығы жөнiндегi комитет тығыз айналысып жатыр. Қазақстандық балалардың тағдырына қатысты болғандықтан өзiмiзге қатты тиедi», - деді министр тілшілердің сауалына жауап қайыру кезінде.
«Қазiргi уақытта бiз барлық материалдарды ҚР Сыртқы iстер министрлiгiне, олардың консулдық басқармаларына бердiк. Шетелдегi бiздiң елшiлiкке де тапсырма бердiк. Бiз жағдайды жiтi бақылауда ұстап отырмыз. Соттың аяғы немен бiтетiнiн күтiп отырмыз», - дедi Б.Жұмағұлов.
Еске сала кетейік, АҚШ-та асырап алынған балаларды зорлау фактісі бойынша олардың асыраушыларына қатысты қылмыстық іс қозғалды. Сот процесі әлі аяқталған жоқ. Утинсвилль провинциясының тұрғындары 50 жастағы Джозеф Мэйотт пен оның 49 жастағы зайыбы Линдаға 26 пункт бойынша айыптар тағылды. Оның ішінде 14 жасқа толмаған баланы зорлау, инцест айыптары да бар. Айта кетейік, 2010 жылы бұл іс сотта қаралып, кейін тоқтатылған болатын. Қазіргі уақытта бұл іс қайта қозғалып отыр. Қазақстандық балалар Утинисвилльге 2004 жылы көшіп барған болатын. Ол кезде ер бала 13 жаста болса, қыз бала 8 жаста еді.
«2004 жылы Петропавл қалалық сотының шешiмiмен осы балалар АҚШ азаматтарына тәрбиеленуге берiлген. Содан кейiн он жылға жуық уақыт өттi. Сiздерге айта кетейiк, 2010 жылдан бастап бiз шетелге балаларды жiберiп жатқанымыз жоқ. 2011 жылдан берi Қазақстанда тиiстi нормативтiк заңдар қабылданды», - деп атап өтті Б. Жұмағұлов.