АҚШ Украина мәселесіне қатысты үшжақты келіссөзді қайта жандандырмақ
АСТАНА. KAZINFORM — АҚШ Украинадағы жағдайға байланысты Мәскеу, Киев және Вашингтонның қатысуымен өтетін үшжақты келіссөзді қайта жандандыруға ниетті. Бұл туралы Kazinform агенттігі CNN-ге сілтеме жасап хабарлады.
Бұл мәлімдемені Ресей мен Украинаға жасаған сапарынан соң АҚШ президенті Дональд Трамптың күйеу баласы Джаред Кушнер жасады.
— Біз Стив екеуіміз (Уиткофф — ред.) шамамен алты ай бұрын қолданған үшжақты келіссөз форматына қайта оралу тиімді деп санаймыз, — деді ол Киевтегі келіссөздерден кейін өткен баспасөз мәслихатында.
Кушнердің айтуынша, АҚШ бұл идеяны екі тараппен де талқылаған және «жақын арада бұл бағыттағы келісім айтарлықтай ілгерілейді».
Сонымен қатар, кездесулерге Кушнермен бірге қатысқан АҚШ президентінің арнайы өкілі Стив Уиткофф «оңтайлы шешімге қол жеткізуге болады» деген сенімін білдірді.
Еске сала кетейік, өткен апта соңында АҚШ президентінің арнайы өкілі Стив Уиткофф пен Джаред Кушнер Кремльде Ресей президенті Владимир Путинмен кездесті.
Кейін олар Киевке барып, Украина президенті Владимир Зеленскиймен келіссөз жүргізді.
Украина президенті кеңсесінің басшысы Кирилл Будановтың айтуынша, Киевте Ұлыбритания, Франция және Германия өкілдері де болған.
Зеленскийдің өзі Украина, Еуропа және АҚШ жақын арада қайта кездесу өткізуді жоспарлап отырғанын мәлімдеді.