АҚШ Украинаға қару-жарақ жеткізе бастады – Трамп
АСТАНА. KAZINFORM — АҚШ президенті Дональд Трамп Украинаға НАТО арқылы ауқымды көлемде қару-жарақ жеткізіліп жатқанын мәлімдеді. Бұл туралы The New York Times пен First Channel News хабарлады.

— Patriot зымырандары жеткізілді. Біз аптасына 5–6 мың сарбаздың өмірін сақтап қалудамыз. Бұл – ресейлік және украиналық сарбаздар, – деді АҚШ президенті Дональд Трамп.
Оның айтуынша, жаңа келісім АҚШ үшін тиімді. Алайда келісімнің нақты қалай жүзеге асатыны әзірге жарияланған жоқ.
— Бұл – өте маңызды мәміле. Біз әлемдегі ең үздік әскери жабдықты ұсынамыз, ал әлемнің бай елдері оны сатып алуға дайын, – деп мәлімдеді Трамп.
НАТО Бас хатшысы Марк Рютте кемінде сегіз елдің Украинаға қару-жарақ сатып алуға қаржы бөлетінін атап өтіп, Дональд Трамптың Украинаға қажетті құралдарды жеткізуге жәрдемдескенін жоғары бағалады.
— Бұл үшін еуропалықтар төлейді, бұл – орынды шешім, – деді Рютте.
Сейсенбі күні Трамп АҚШ-тың Украинаға алыс қашықтықтағы зымырандарды жіберу жоспары жоқ екенін де айтты.
Сонымен қатар, Трамп пен Рютте жаңа келісім аясында Украинаға қосымша америкалық Patriot әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйелері жеткізілетінін растады. Германия екі жүйені сатып алуға дайын екенін білдірсе, Норвегия үшінші жүйені ұсынды. Трамптың айтуынша, бір белгісіз ел өзінің 17 Patriot жүйесін сатуға әзір. Бұл 2020 жылы америкалық Raytheon компаниясы Швейцарияға сатуға келіскен 17 ұшыру қондырғысы болуы мүмкін.
АҚШ бұл келісімнен қанша пайда табады?
Patriot жүйесінің бір батареясының құны модельге қарай шамамен 1 млрд долларды құрайды. Ал зымыран қағушының бір данасы - 3,7 млн доллар, JASSM зымырандары - 1,5 млн доллар, ATACMS зымырандары кемінде 1 млн доллар тұрады.
Айта кетейік, бұған дейін Украина президенті Владимир Зеленский Дональд Трампқа елін қолдауға дайын болғаны үшін алғыс білдірген болатын.