АҚШ Венесуэла кемесіне тағы соққы жасады
АСТАНА. KAZINFORM — АҚШ президенті Дональд Трамп Кариб теңізінің халықаралық суларында екінші кемеге соққы берілгенін мәлімдеді, деп хабарлайды ВВС.
Оның айтуынша, бұл шағын кеме Венесуэлаға тиесілі болған және АҚШ-қа есірткі тасымалдап бара жатқан.
Дональд Трамптың айтуынша, соққы салдарынан үш адам қаза тапқан. АҚШ президенті өзінің Truth Social әлеуметтік желісінде шағын кеменің әуеден түсірілген видеосын жариялады. Видеода кеменің жарылып кеткені көрсетілген.
— Бүгін таңертең менің бұйрығыммен АҚШ Қарулы күштері аса қауіпті есірткі картельдері мен есірткі лаңкестеріне қарсы екінші кинетикалық соққы жасады, — делінген хабарламада.
Алайда Трамп бұл кемеде нақты есірткі болғанына дәлел келтірмеген.
Бұл мәлімдемеден бұрын Венесуэла президенті Николас Мадуро АҚШ агрессиясынан қорғанатындарын айтып, АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубионы «өлім мен соғыстың әміршісі» деп атаған.
Осыған дейін қыркүйек айының басында АҚШ Венесуэла маңында есірткі тиеген кемеге оқ атқанын жазғанбыз.